Маңғыстауда теріге майлы бояумен сурет салатын шеберлер тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда теріге майлы бояумен сурет салатын шеберлер тұрады

19.10.2021

Маңғыстау облысында теріге майлы бояумен сурет салатын шеберлер тұрады. Жетібай ауылының тұрғындары Дәулет Мұқашев пен Жасұлан Егеубай.  Бірі - тері өңдесе, екіншісі - оған мазмұнды тақырыптарды бейнелейді. Қазақтың ежелгі дәстүрін жаңғыртып, қос өнерді қатар дамытқан қол өнер шеберлері туралы тілші бейнематериалда.

Теріге сурет салу идеясы - осы жыртқыш құспен тікелей байланысты. Дәулет Мұқашев құсбегілікті бала күнінен армандап, есейгенде қолға алды. Бүгінде ат құлағында ойнап, тазы ит және қыран бүркіттерімен аңға шығады. Қанжығасы майланып, түлкі, қызыл қасқыр, қарсақ аулаған күндері терісін тастамай, өңдеп алады. Аңшы бұған дейін теріні қызығушылық білдірген адамға сыйға тартатын. Ауылдасы суретші Жасұлан Егеубаймен бірігіп, жаңа кәсіпті жуырда бастады.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Шебер малдың және аңның терісін пайданалады. Мынау, міне, қойдың терісі. Жалпы, теріні илеу процесі 3 айға созылады. Мінекей, қойдың терісіне тұз себіліп, илеу процесі басталды. Одан кейін бетіне ашыған айран жағылып, тазарту, жуу жұмыстары жүргізіледі. Осындай процестерден өткен тері ғана сурет салуға жарамды. 

Қос шебердің алғашқы туындысы қойдың терісіне салынды. Оған саятшылық өнердің көрінісі бейнеленді. Картинаның әлі бояуы да кеппеген. Терінің өңделуін қоспағанда, сурет салуға 3-4 күн кеткен. Ал келесі теріге жеті қазынаны бейнелемек.

Дәулет Мұқашев, Жетібай ауылының тұрғыны:

Теріні лақтырмай, пайдаға жаратқан жақсы. Мына тері өңдеуді, мына теріге сурет салуды кітаптан оқып, оны  бағзыдан ұмытылып қалған суреттерді қайтып халыққа көрсетіп, жаңғыртып, соны көрсетіп жатырмыз.

Жасұлан Егеубай - суретші, кескіндеуші. Жетібай ауылындағы балалар өнер мектебінің мұғалімі. Кәсібінің қыр-сырын жетік меңгерген маман үшін, теріге сурет салу - жаңа бағыт. Оны игеріп, шәкірттерін де баулуды көздейді.

Жасұлан Егеубай, Жетібай ауылының тұрғыны:

Екеумізге ой келді, 2 өнердің басын біріктіріп, теріге сурет салып көрейік дедік. 1 айға жетпеді, жақында бастағанбыз. Теріге сурет салып, осылай дамытып келе жатырмыз. Әлі де бірталай жобаларымыз бар, суреттеріміз бар салатын, тақырыптарымыз бар қозғайтын. 

Шеберлер болашақта көрме ұйымдастырып, Жетібай аумағында «Этно ауыл» ашуды жоспарайды. Қазір сол мақсат үшін қаржы жинап, тынбай еңбектеніп жатыр.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу