Қазақстандық өнертапқыш үш тілді меңгертетін Брайль құралын ойлап тапты. Тетік жанары мүлдем көрмейтін азаматтар үшін қолайлы. Бүгінгі таңда еліміздің көптеген зағип жандарға арналған кітапханалары мен гимназиялары аппаратты алуға асық. Оны жасап шығаруға қаржы ғана керек. Құралдардың алғашқы легі Атыраудағы мектеп-интернатқа жөнелтілді.
Айназдың көзі мүлдем көрмейді. Ұстаздың көмегімен Брайль қарпімен жасалған тапсырма орындауда. Арнайы мектеп интернатында қазір 39 бала оқиды. Олардың тоғызында көздері мүлдем көрмесе, қалғандарында көру қабілеті нашар.
Тоқташ Баймұханова, математика пәні мұғалімі:
Математиканың жазуының өзі оңай емес қой. Әрбір жаңағы жазудың өзінің белгілері бар. Біздер соны әуелі балаларға үйретеміз. Бүгін біз дәрежені айтып жатырмыз. Дәреже қалай жазылады, мысалы, соның ережесін үйретеміз Брайльда.
Ерекшелікті қажет ететін балалардың оқу процесі күрделі. Қалам мен дәптерді қолдана алмайды. Тақтаға да жаза алмайды. Әріптер сөздерге, сөздер сөйлемдерге айналуы үшін оларға Брайль электронды құралдары көмектеседі. Жуырда мектеп осындай 45 құралға қол жеткізді.
Ламбриан Топузидис, тілші:
Көзі көрмейтін адамдар үшін саусақ бұл - көз. Сондықтан олар осы Брайль аппаратымен оқуы үшін, ең бастысы, саусағымен батырманы басады. Ар жағынан дыбыс шығады. Мысалы, "А". Осылай есіне сақтай біледі.
Санаулы ғана аппарат инвестордың қаржысына жасалынған. Тетіктің құрамына кіретін әр матрицаның құны - 10 мың доллар. Аппарат толығымен Гуаньчжоу зауытында құрастырылған болса, идеясы мен дизайны толығымен Қазақстандікі.
Ғалымжан Габдрешов, өнертапқыш:
Кітапты оқығанда олардың әріптері басқаша болса, мынамен келіспесе, кітапты оқу қиынырақ болады. Адам қиналады. Бүкіл нәрсесі мемлекеттік стандарт бойынша жасалған.
Бас қалада қазір жанары көрмейтін 10 мыңға жуық адам тұрады. Олардың бәрі қоғамдық өмірге бейімделгісі келеді дейді өнертапқыш. Бұдан бөлек, кітап арқылы қоршаған дүниені тануға талпынғысы келетін жандарға бұл таптырмас құрал. Қазір бірегей аппаратқа елордалық тифлопедагогтар да қызығушылық танытып отыр.