Еуропада коронавирус қайта өршіді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада коронавирус қайта өршіді

18.10.2021

Індеттің төртінші толқынынан сескенген қарт құрлық елдері екпе науқанын күшейтуге барын салуда. Францияда осы уақытқа дейін тұрғындарға тегін болған ПТР тест бұдан былай ақылы.

Бельгиялықтар қоғамдық орындарға Covid сертификатысыз кіре алмайды. Қазір бізбен Брюссельден әріптесім Нұрсұлу Қасым байланысқа шықты. Нұрсұлу, биліктің мұндай шешім қабылдауына не себеп, жалпы Бельгиядағы ахуал қалай қазір?

 Нұрсұлу Қасым, тілші:

Бельгияда соңғы бір аптада ковид жұқтырғандардың саны 28 пайызға көбейген. Дәрігерлердің мәліметінше, аурухананың жан сақтау бөлімінде жатқандардың дені екпе салдыртпағандар. Брюссель екпе науқаны бойынша елдің Фландрия, Валлония аймақтарынан әлдеқайда артта. Шаһарда ересектердің тек 60 пайызы ғана толықтай вакцина алған. Екпе науқанын күшейту үшін алдағы үш айда Брюссель тұрғындары мейрамхана, мұражай, түнгі клуб, спорт залдарға, яғни іште 50, сыртта 200 адам қатысатын шараларға Covid сертификатысыз кіре алмайды. Сертификат екпе салдыртқандар мен соңғы алты айда ковидпен ауырып, жазылғанын растағандарға және 72 сағатқа жарамды ПТР тесті барларға беріледі. Жаңа ережеге халықтың пікірі әртүрлі.

Пауло Виргин, Брюссель қаласының тұрғыны:

Мейрамхана, барларға барып, еркін қыдыру үшін осындай құжатты талап еткені дұрыс болды. Індеттен құтылу үшін бәріміз екпе алуымыз қажет.

Амандин Дельфу, Брюссель қаласының тұрғыны:

Ата-анамның денсаулығы екпе алуға жарамайды. Олар бір жерге бару үшін қайта-қайта тест тапсыруы тиіс. Бұл - еркіндікті шектеу.

Брюссель әкімдігі смартфоны жоқ 65-тен асқан азаматтарға, қарттарға сертификаттың қағаздағы нұсқасын пошта арқылы үйлеріне жіберіп жатыр. Ереженің орындалуын полиция қызметкерлері қадағалауы тиіс. Жасанды QR кодпен ұсталғандар 50 еуродан 500 еуроға дейін айыппұл төлейді. Ал сертификаты жоқтарды кіргізген мекеме қожайындары үшін айыппұл мөлшері 2500 еуро. 


Хабарламаларға жазылу