Ауғанстанның Қандағар қаласындағы мешітте жойқын жарылыс болып, 40-қа жуық адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауғанстанның Қандағар қаласындағы мешітте жойқын жарылыс болып, 40-қа жуық адам қаза тапты

15.10.2021

Бүгін Ауғанстанның Қандағар қаласындағы шииттер мешітінде жұма намазы кезінде жойқын жарылыс болды. Соңғы мәліметке қарағанда, 37 адам қаза тауып, 70-і жараланған. Оқиғаның себебі әзірге белгісіз. Бірақ, болжамдарға қарағанда, шабуылды жанкешті жасаса керек.

Қандағар – Ауғанстанның екінші ірі шаһары және де ол «Талибанның» рухани отаны саналады. Мұндағы Бибі Фатима мешітіне тәліптердің жауы -«Қорасандағы ДАИШ» террористік тобы қастандық жасады деген болжам айтылып отыр.
Өткен жұмада елдің солтүстігіндегі Құндыз қаласында намазға жиналған шииттер арасында дәл осылай бомба жарылып, кемінде 50 адам мерт болған еді. Сол алапат шабуылды көп кешікпей «ДАИШ» өз мойнына алды.


Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу