«Алматының жыл мұғалімі» байқауының жеңімпазына пәтер берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Алматының жыл мұғалімі» байқауының жеңімпазына пәтер берілді

13.10.2021

«Алматының жыл мұғалімі» байқауының жеңімпазына пәтер кілті тапсырылды. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жүлдегер атанған педагогтарды арнайы құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі.

Байқаудың Гран-при иегері, №39 мамандандырылған лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұржігіт Амановқа жаңа тұрғын үй кешенінен пәтер берілді. Ал 1 орынды иеленген №10 гимназияның физика пәнінің мұғалімі Дарын Сайыновқа автокөлік табысталды.

Нұржігіт Аманов, «Алматының жыл мұғалімі» байқауының гран-при иегері:
«Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға» дейді Абай атамыз. Біз осы конкурста өзіміздің үміт пен сенімнің, төгілген тер мен еңбектің ақиталған күні бүгін. Осы кезде біз түрлі әдіс тәсілдерді, бала мен мұғалім арасындағы түрлі қарысм-қатынастарды қалай жүзеге асыру керек екенін тағы да бір пысықтай түстік. 

Байқау сегіз айға созылды. Осы уақыт ішінде мұғалімдер өз білімдерін, оқушымен жұмыс тәсілі сынды бірнеше сатыдан өтіп, бақ сынаған. Сонымен қатар заман талабына сай икемделу де назарға алынды дейді ұстаздар.

Сандуғаш Закариянова, «Алматының жыл мұғалімі» байқауының жүлдегері:
Заман көшіне ілесу оңай емес. Өйткені заман жылдам өзгеруде. Сондықтан мұғалімде жан-жақты болуға тиісті. Мектептің жаны мұғалім дейді ғой Ыбырай Алтынсарин. Ал Ахмет Байтұрсынұлы айтады: ең бірінші мектепке керегі методиканы мықты меңгерген мұғалім деп. Сондықтан жан-жақты әдістемені меңгерген, оқушыға бере алатын нәрсесі мол мұғалім қашанда мектептің жүрегі болып табылады.

Қала билігі мұғалімдердің тұрғын үймен қамтылу мәселесіне де ерекше көңіл бөліп келеді. Мәселен, «Алматы жастары» қалалық бағдарлама бойынша өткен жылы білім беру саласының 307 қызметкері пәтерге ие болды. Биыл 245 ұстаз жеңілдетілген несиеге қол жеткізсе, үшінші жыл қатарынан мектепке жаңа орналасқан жас мамандар бер реттік материалдық көмек алды.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу