Қызылордада тұрғындар көмірге қол жеткізе алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада тұрғындар көмірге қол жеткізе алмай жүр

08.10.2021

Қызылордада тұрғындар көмірге қол жеткізе алмай жүр. Қала іргесіндегі қоймада бірнеше күннен бері жүк көліктері кезекте кептеліп тұр. Ал сырттан келетін қатты отын аз мөлшерде жеткізілуде. Көмір үшін таласты тілшіміз Әділбек Серікұлы көріп қайтты.

Күн суытқалы теміржол тұйығында қарбалас. Көмір іздегендердің көбі алыс ауыл-аймақтан келген. Ал Шұбаркөлден жететін қатты отын аз болып тұр. Тіпті, кейбір жүргізушілер бірнеше күннен бері көлігінде түнеп, кезегін күтуде.

Болатбай Иманғалиев, Тереңөзек кентінің тұрғыны:
Мынау екінші күн болды тұрғанымызға кезекте. Бұл бүгінде бізге тиетін түрі жоқ. Оны ертең ала аламыз ба, ол да белгісіз. Енді осы жерде жатырмыз көлікте.
 Әділбек Серікұлы, тілші:
Кеше түнде қоймаға 6 вагон көмір жеткен. Соның, тек 3-еуі жеке тұрғындарға үлестірілді. Оның өзі түске жетпей таусылып қалды. Мына ұзын-сонар кезекте тұрған көлік жүргізушілерге қатты отынды тағы тәуліктеп күтуге тура келеді.

Қоймаға келген алты вагон көмірдің үшеуі алдын ала келісім-шартқа отырған мекемелерге жөнелтіледі. Қалғаны жұртқа сатылады. Егер вагондардың санын көбейтсе, мұндай әуре-сарсаңға түспес едік, дейді ашынған тұрғындар.

Молдабек Шегебаев, Қаракөл ауылының тұрғыны: 
Бір аптадан асты. Келем-кетем. Өткенде де келіп едім. Көмір таусылып қалды. Кішкентайлар түгілі, өзіміз де тоңып жатырмыз. Көбейткен дұрыс қой. Алты вагон не болады ол? 

Халыққа қатты отын жеткізетін кәсіпкер 15 мың тонна көмірге тапсырыс бергенін айтады. Бірақ, оны теміржолмен жеткізу жағы қиындық туғызып тұр. Қазір ұзын-сонар кезекті азайту үшін көмірді шектеп сатуға мәжбүр.

Рустам Хасанов, кәсіпкер:
Қазір көмір таусылды, көріп жатырсыздар. Бір тоннадан алса жетеді, 5 тоннадан алса жетпейді ғой. Бірінші қазаннан бастап, 10 тоннадан артық тиемейміз.

Жалпы қыс кезінде облыс тұрғындарына 140 мың тонна көмір қажет. Салаға жауаптылар қатты отын тапшылығы туындамайды деп отыр. Олардың есебі бойынша алдағы бір жетіде 176 вагон көмір аймаққа жеткізілмек.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу