Таразда жаңа ғимарат жарамсыз болып қалған. Пайдалануға берілгеніне небәрі алты жыл болған «Көне Тараз» музейі қазір қаңырап бос тұр. Төбеден аққан жаңбыр мен қар суы жертөлеге дейін жеткен. Кешенге қарасты ашық аспан астындағы археологиялық жұмыстардың тоқтағанына да екі жыл. Тарихтың темірқазығына айналған ең ежелгі шаһар Тараздағы бұл мәселені аймақтағы әріптесім Данияр Асқарұлы қаузап көрді.
Данияр Асқарұлы, тілші:«Көне Тараз» мәдени-тарихи кешенінің бас ғимараты осы болатын. Қазір есік-терезелері тарс жабық. Төбесі опырылып ортасына түсіп жатыр. Бұл аумақ әу баста тарихи-мәдени саябақ болады деп жоспарланған. Бірақ, ол жоба жүзеге аспады. Ал, қолөнер шеберлерінің мынадай керемет жұмыстары далада шашылып жатыр.
Кұнды жәдігерлер археологиялық қазба жұмыстары кезінде 2015 жылы табылды. Бұл ғимарат та сол уақытта ел игілігіне берілді. Бірақ, көп кешікпей осындай күйге түсті. Алты жылдан бері бірнеше рет жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, нәтиже шықпады. Ал, осы аумақтан табылған керуен-сарай, үй-жайлар мен орта ғасырлық монша секілді маңызды тарихи нысандарға нұқсан келуде. Өйткені шатырдан сорғалаған су ішке қарай ағады. Қазба жұмыстары да екі жылдан бері тоқтап тұр.
Нұрлан Бықыбаев, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени корық-музейінің директоры:Қазір екі жылдың көлемінде жұмыс тоқтап қалды. Биыл министрліктің байқауынан өтіп, Смаилов Жұман ағамыз көктем айынан бастап қазба жұмыстарын ары қарай жалғастырады. Жел болады, қатты жауын болады. Сол кездерде селмен ағын ағып келеді. Болашақта мұның барлығын қолға алып отырмыз.
Мемлекеттік тарихи-мәдени корық-музейі басшысының айтуынша, жарамсыз болып қалған нысан облыстық құрылыс басқармасының қарауында. Бірақ 10 жыл өтпейінше ғимаратты қалпына келтіруге бюджеттен қаржы бөлінбейді, дейді жауаптылар. Қаражат тек демеушілердің есебінен қарастырылуы мүмкін.
Әлібек Амантай, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:Оған байланысты бүгінгі таңда зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ол ақауларды анықтап, дефектный жұмыстарын анықтап облысқа ұсынамыз. Әрі қарай демеушілер есебінен шешім қабылданады деп ойлаймын.
Қолданысқа берілгелі бар-жоғы 2-3 рет қана пайдаға жараған нысанның қай уақытта жөнделетінін дөп басып айту қиын. Өкініштісі- көне тарихтың куәсі 4 мыңға жуық құнды жәдігер қаланың әр бұрышында көшіп-қонып жүр.
Данияр Асқарұлы
