Маңғыстау өңірінде жаңбыр жаудыратын қондырғылар іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау өңірінде жаңбыр жаудыратын қондырғылар іске қосылды

07.10.2021

Қуаңшылықтан зардап шегіп отырған Маңғыстау өңірінде жаңбыр жаудыратын қондырғылар іске қосылды. Олар Құрық, Жетібай, Шетпе және Сайын ауылдарына орнатылды. Мамандар жаңа технология 1 апта көлемінде нәтиже бере бастайды деп отыр.

Қондырғы - Clear Sky Manager 5 деп аталады. Ол атмосфералық ылғалдан жауын-шашын тудырады. Мамандар құрылғының көмегімен жаңбырдың көлемін 30 пайызға дейін арттыруды көздейді.

Алдағы уақытта қондырғының атмосфераға әсері бақыланады. Нәтижесі соңғы он жылдағы жауын-шашын мөлшерімен салыстырылмақ. Мамандардың айтуынша, жаңа технология жылдың 4 мезгіліне де лайықталған.

Сергей Бологуров, климаттық технологиялар директоры: 
Технология жыл мезгілдеріне байланысты жұмыс істейді. Мәселен, қыста жаңбыр сіркіреп жауса, көктемде күн жылынғандықтан жауын молырақ түсуі мүмкін. Қондырғы интернет арқылы қашықтан басқарылады. Біз кез келген сәтте оны өшіріп, қоса аламыз. Атмосфералық ылғалдан жауын-шашын тудыратын технологияның режимін де өзгертуге болады.

Қондырғының аймақ экологиясына және жергілікті халықтың денсаулығына ешқандай зияны жоқ. Сондай-ақ, ол электр қуатын аз жұмсайды. Климатологтар қондырғының тағы біреуін Бейнеу ауданына да орнатуды көздеп отыр.

Аягөз Оралбайқызы, тілші: 
Мұндай қондырғы елімізде алғаш рет қолданылып жатыр. Дәл осындай технология Біріккен Араб Әмірліктері, Жаңа Зеландия, Корея, Ресей сияқты елдерде нәтиже берген. Сондықтан мамандар құрылғы тұрақты түрде жұмыс істесе, өңірдің қуаңшылықтан құтыларына сенімді. Ал, алғашқы жаңбыр 2-3 күннен қалмай жауады деген болжам бар.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу