Қызылордалық оқушылар «Ақылды аялдама» жобасын дайындады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордалық оқушылар «Ақылды аялдама» жобасын дайындады

22.12.2017

Ерекшелігі, бұл жоба 24 сағаттың ішінде дүниеге келді. Өйткені, «Hack Day» шарасының шарты сондай. Өңірде алғаш рет ұйымдастырылған сайыста бұдан өзге де көптеген тың жобалар ұсынылды. 

Смарт аялдама жылытып немесе салқындатып қана қоймайды, оның тағы бірнеше функциясы бар. Яғни, жауын-шашынды күндері үстіңіздегі су тиген киімді құрғатады және аялдаманың ішіне кірген бойда автоматты түрде жарық жанады.

Анастасия Когай, оқушы:

- Қазір біздің қалада Сырдарияның сол жағалауында жаңа қала салынып жатыр. Біз ұсынып отырған «Ақылды аялдама» жобасы сол жаңа қалаға сұранып тұрған сияқты.   

Ал, Қуаныш бір күннің ішінде қар еріткіш машина құрастырды. Жиналған қарды сол мезетте суға айналдыра алатын техниканың пайдасы орасан. Әсіресе, күріш өсіретін аймақ үшін жақсы идея.

Қуаныш Сұлтанбек, оқушы:

- Бұл ауыл шаруашылығына, мал шаруашылығына тиімді пайдаланылады. Мұны болашақта пайдалансақ, өте тиімді болар еді.

Бір күнде түрлі идеяларды дүниеге келтірген «Hack Day» шарасы ақпараттық технология, кино, контент және медиа секциялары бойынша өтті. 137 команда, 500-ге жуық озық ойлы жас қатысты. Сайыс талабы бойынша үміткерлер бір күннің ішінде тың идея ұсынып, жүзеге асыруы керек. Нәтижесінде, 24 сағатта 100-ден астам жоба әзірленді. Соның бірі - Қорқыт ата атындағы ҚМУ студенттері дайындаған «Суреттің 3D визуализациясы» жобасы.     

Қуаныш Дәуренбеков, Қорқыт ата атындағы ҚМУ басқарма басшысы:

- Сіз кез келген интернет дүкеннен аяқ киімнің суретін ғана көре аласыз. Ал, жаңа жобаның ерекшелігі - смартфон арқылы сол аяқ киімнің 3D моделін көре аласыз, саусақпен айналдырып, аяқ киімді қолмен ұстап көргендей боласыз. 

Тағы бір қызық жоба, егер үйіңіздегі құбырда ақау пайда болып, газ иісі шығып жатса, сіз қайда болсаңыз да, телефоныңызға СМС келеді, яғни, төтенше жағдайдың алдын алуға мүмкіндік бар. Ал, «Онлайн паркинг» жобасы арқылы кез келген адам мейрамханаға барғанда, көлігін қай жерге қоятынын алдын ала реттей алады.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу