Елімізде 5 жыл адам саудасымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 5 жыл адам саудасымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

05.10.2021

5 жыл бойы адам саудасымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Бұл туралы ІІМ өкілдері айтты. Мәліметке сай, 19 адамнан тұратын трансұлттық ұйымдасқан топ адамдарды жыныстық қанау мақсатында Бахрейнге апарып, кәмелетке толмағандарды саудаға салған. 39 адам зардап шекті. Қылмыстық іс қазір сотта қаралып жатыр. Адам құқығын аяққа таптағандар Қазақстан, Ресей және Бахрейн Корольдігінің азаматтары. Өкінішке қарай, жыл сайын 90-ға жуық адам осы «бизнестің» тауарына айналып, «экспорт» Азиядағы 6 елге бағытталып отырған.

Санжар Әділов, ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығы:

Соңғы 3 жылда жыл сайын адам саудасының 90-ға дейін құрбаны анықталады. Оның ішінде 20-ға дейін еңбекті қанаудың құрбандары. Бұл ретте, Катар, Индонезия, Байхрейн, Әмірліктер, Түркия мен Оңтүстік Кореяға пайдалану мақсатында біздің азаматтардың экспортына арналған 8 арна, сондай-ақ, Өзбекстан мен Қырғызстаннан екі импорт жойылды.

Сондай-ақ, министрлік өкілі 8 айда 720 жәбірленушіге 93 млн 723 мың теңге өтемақы төленгенін жеткізді. Ақша «Жәбірленушіге өтемақы қорынан» берілген. Айта өтейік, былтыр тиісті заң қабылданған болатын. Құжатқа сай, күдікті қылмыскер болып танылғанға дейін одан зардап шеккен азаматқа өтемақы төленеді. Ол үш санат бойынша белгіленіп, 90 мыңнан 150 мың теңге аралығын құрайды.

Армангүл Тоқтамұрат

Хабарламаларға жазылу