Арал ауданында жауапсыз мердігердің кесірінен жол құрылысы аяқсыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арал ауданында жауапсыз мердігердің кесірінен жол құрылысы аяқсыз қалды

04.10.2021

Арал ауданында «Жаңақұрылыс-Бекарыстан би» бағытындағы жолдың құрылысы биыл төртінші жылға ұзап барады. Тиісті қаржысы бөлінгенімен, тендерден жеңген мердігер асфальт төсеуге асығар емес. Мәселе сотқа дейін жетті. Шалғайдағы ауылға өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы арнайы барды.

Аудан орталығынан шалғай орналасқан Жаңақұрылыс ауылына жету де, қайту да мұң. Елді мекен құрылғалы мұнда асфальт жол түспеген. Ең жақын Бекарыстан би ауылына баратын трассаны тұрғындар азап жолы деп атайды. Өйткені, бұл аралықты жол талғамайтын көліктердің өзі әрең жүріп өтеді.
Ғалымжан Базарбаев, жүргізуші:
Мына жол деген гармошка міне. Бір барып келсең, екі күн ремонтта тұрады көлігіміз. Ходовкасының бәрі шашылады. Мына жолда. Жүруге ешқандай мүмкіндік жоқ.
Екі ауылдың арасын жалғайтын жолдың құрылысы 2018 жылы басталған. Бірақ, жобада көрсетілген 23 шақырымның тек 9 шақырымына ғана асфальт төселіп, әрі қарай жұмыс тоқтап қалған. Содан бері де, 4 жыл өтті. Соқпақ жол түзелмей, елді әбден қажытты.
Мұхамбетәли Асқаров, Жаңақұрылыс ауылының тұрғыны:
Былтыр мына жерден 200 метр қосты. Бір жыл болды солайымен жатыр. Былай шыққаннан кейін жаман болғаны сондай, ойдым-ойдым тіпті мына Карл Маркс ауылына жетудің өзі мұң.
Тендерді жеңіп алған «НұрТехСервис» серіктестігі. Былтыр мердігер мекеме бастаған ісін аяқтайтыны туралы уәде берген. Алайда, құрылыс қайта жанданған жоқ. Ал аудан әкімдігі жол салуға құлқысыз компанияны сотқа беріп, келісім-шартты бұзуды сұрап отыр.
Жаңқожа Құдайберген, аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
Жұмыстар жалғасын таппауда мердігердің тарапынан. Қыркүйек айының 3 күні талап арыз қайта жолданды. Лицензиясынан айыру және жозықсыз қатысушы деп тану бойынша тиісті заң жүзінде шара көріп жатырмыз. 
Жолдың дауы сотқа дейін жетті. Енді соңғы шешім шықпайынша, ауылдың жолы әзір басталмайтын түрі бар.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Жаңақұрылыс-Бекарыстан би жолының жыры қашанға дейін жалғасатыны белгісіз. Жауапсыз мердігер биыл да асфальт төсеу жұмыстарын жүргізген жоқ. Ал жолдан әбден азап шеккен тұрғындар мәселе келер жылы шешілер деген үмітте. 

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу