Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқанына 30 жыл толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқанына 30 жыл толды

04.10.2021

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқанына 30 жыл. 1991-жылдың 2-қазанында Байқоңырдан Тоқтар Әубәкіровпен бірге экипаж командирі ресейлік Александр Волков пен аустриялық Франц Фибек «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен ғарышқа аттанған-ды. Осы айтулы күнге орай Аустрияның билігі Қазақстанның осы мемлекеттегі елшілігімен бірге басқосу ұйымдастырды. Шарада көпшілік ғарыш саласының өткені мен бүгінін талқылап, болашаққа бағдар жасады. Тоқтар Әубәкіров жиынға қатысушыларға бейнеүндеу жолдап, австриялықтарды Қазақстанға, Байқоңырға сапараулауға шақырды. Аустрияның тұңғыш ғарышкері Франц Фибек естеліктерімен бөлісіп, барша қазақстандықтарға ыстық лебізін жеткізді.

Франц Фибек, Аустрияның тұңғыш ғарышкері:
30 жыл бұрын Байқоңырдан досым Тоқтармен бірге ғарышқа аттанып, зерттеулер жүргізіп, қасиетті қазақ жеріне аман-есен оралдық. Пандемияға байланысты оның шараға келе алмағаны өкінішті. Менің екенші Отаным Қазақстан мен қазақстандықтарға да бақ-береке тілеймін.
Леонора Гевесслер, Аустрияның Көлік, инновация және технологиялар министрі:
Ғарышкерлеріміздің ғарышқа бірге ұшқанына 30 жыл толуын тойлап жатқанымызға қуаныштымын. Ғарыш бізді біріктіруші. Осы ғарыштық зерттеулер арқылы өз өмірімізді, климатты қорғай алсақ онда болашаққа үлкен үмітпен қарай алатынымыз анық.

 Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу