Басты Жаңалықтар Маңғыстау облысында аңқасы кепкен төрт түлік кәріз суын ішуге мәжбүр

Маңғыстау облысында аңқасы кепкен төрт түлік кәріз суын ішуге мәжбүр

Маңғыстау облысында төрт түлік кәріз суын ішуге мәжбүр. Өйткені, мал суаратын басқа таза су жоқ. Ауданда мал тұрмақ, тұрғындар да ауыз суға жарымайды. Өңірдегі тілшіміз Аягөз Оралбайқызы ауыл тұрғындарымен кездесті.

Су тапшылығы - Мұнайлы ауданының шаруаларына ортақ мәселе. Ауыз судың өзін кезек күтіп сатып алып, тасып ішетін тұрғындар амал жоқ, соның шетінен малын суарады. Әйтпесе жануралар кәріз суын жағалап кетеді.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Шаруалардың малы міне осы жерден су ішеді. Бұл Мұнайлы ауданы Маңғыстау селосының кәріз суы жиналатын орын. Мұнда тұру мүмкін емес, жағымсыз иіс қолқаңды қабады. Осындай лас су бірнеше жерде жиналған. Ал, өрісте су таппаған мал осында келеді. 

Лас суды ішкен мал ауырады, ақыр соңында өліп тынады дейді, шаруалар. Ал, айналадан құдық қазғаннан пайда жоқ. Су шықпайды. Сондықтан жұрт «Молжігіт» субұрқағын қайта іске қосуды сұрайды.

Амангелді Бердіғұлов, Мұнайлы ауданының тұрғыны:
Малдарымыз қазір боқ су ішіп тұр. Ішіп алады да көкпеңбек суға құлайды барады да. Құлындар талай ішінде құлап қалды. 

Шаруалардың айтуынша, аталған жердің иесі бар. Ол құдықтың айналасын қоршап алған.

 Сағат Қозов, Мұнайлы ауданының тұрғыны:
Сол фонтанның орнында отырған кісіге ешқандай бұлардың билігі жетпей тұр. мына фонтанды ашам суды тұщытамын халыққа беремін деп әуелде сондай программамен алған. Енді оны халыққа бермей отыр. 

Аудан әкімдігі «Молжігіт» субұрқағын серіктестікке сенімгерлік басқаруға бергенін жоққа шығармайды. Бірақ, оны қайта іске қосу үшін зерттеу жұмыстары қажет көрінеді.

Қадірбек Жексенбаев, Мұнайлы ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының м.а.:
Мен биыл бітеді деп айта алмаймын. Себебі ол қаражатқа тіреледі. Қазір жобалық құжат жасақтаймыз. Одан кейін мемлекетке қаржы үшін өтінім береміз. 

Судан бөлек шаруаларды жемнің тапшылығы қинайды. Келісі – 117 теңгеден қымбат сатылуда. Ал,шөп мәселесі шешілген.

Аягөз Оралбайқызы

Бөлісу