Елімізде «Радио күні» алғаш рет аталып өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде «Радио күні» алғаш рет аталып өтті

01.10.2021

Иә, осыдан дәл бір ғасыр бұрын, 1921 жылдың 1 қазанында ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсыновтың бастамасымен Орынбор қаласында алғашқы радио ақпарат тарата бастады. Алғашында тәулігіне тек 1600 сөзді таратқан әуе толқыны қазір үлкен медиа құралға айналды.

Орынбордан кейін Қазақ радиосы 1926 жылы Қызылорда қаласына қоныс аударды. Сол кезде оның жұмысына Жұмат Шанин бастаған театр өкілдері, ақын Иса Байзақов, жез таңдай әнші Әміре Қашаубаевтар атсалыса бастады.

1931 жылы Қазақ радиосы Алатаудың етегіне бет алып, Алматыдан хабар таратуға көшті. Радио алғаш ақпарат құралы ретінде тіркеліп, бірнеше тілде хабар таратты. Алғашында 4 сағат, кейін эфир уақыты 12 сағатқа ұлғайды.

Тіл мен сөйлеу мәдениетіне қазақ радиосының қосқан үлесі зор. Өйткені радиода әр жылдары белгілі актерлар мен әншілер дикторлық қызметке тартылды. Шәкен Айманов, Зәмзәгүл Шәріпова, Мұқағали Мақатаевтар хабар жүргізді.

Радио егемендік жылдары елмен бірге қиын да күрделі кезеңдерді бастан өткерді. Қазақ елінің азаттық алғаны туралы жаңалық та алғаш әуе толқыны арқылы тарады.

Елорда. 1998 жыл. Қазақ радиосы ел астанасынан хабар тарата бастады. Ал 2012 жылы радио ұжымы тарихи датаға айналған 1 қазанда Қазмедиа орталығынан цифрлық форматта хабар таратуға көшті.

Шын мәнінде Қазақ радиосының тарихы қазақ елінің тарихымен астасып жатыр. Өйткені бір ғасырды еңсерген ұлт радиосы сайын даладағы әрбір оқиғаны қалт жіберген емес.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу