Қызылорда өңіріндегі іргелі жобалар

29.03.2018

Қызылордада дарынды балаларға арналған физика-математика мектебі салынады. Білім ордасы жанынан 300 орындық жатақхана бой көтереді. Қазір оның жобасы әзірленіп жатыр. Сыр еліне жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Елбасы Жолдауында басымдық берілген индустрияландыру, цифрландыру мәселелері тұрғысында жобаның аймақ үшін ғана емес, жалпы мемлекет үшін маңызды екендігін айтып, қолдау білдірді.

Қызылорда облысында 400-ге жуық балабақшаны кәсіпкерлер салған. 3 жас пен 6 жас аралығындағы балалар 100 пайыз қамтылды. Осы орайда Үкімет басшысы Қызылорда облысы алғашқылардың бірі болып мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жобаларды оңтайлы жүзеге асыра бастағанын және аймақ тәжірибесі өте табысты болғанын атап өтті. Бір бұл ғана емес, сапалы кадр даярлау ісінде де ілгерілеушілік бар.     

Абайбек Жүнісов, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ проректоры:

- Біздің университетте ІТ саласы бойынша 4 мамандық бойынша мамандар даярланады. Робототехника саласында жеткен жетістіктеріміз бар. Студенттер, магистранттар жасап шыққан «Ақтөс» атты робот иті қазір өнеркәсіптің, өндірістің түрлі салаларында пайдалануға сараптамадан өтіп жатыр.

Облыс активі, кәсіпкерлер және әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесу барысында   Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, жоспар пысықталды. Тұрғындарды газбен қамту жұмыстары бағытында Премьер-министр «Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылыс жоспарымен танысты. Астана мен солтүстік өңірлерге газ Сыр елінен жеткізіледі. Бұл шаруа былтыр іске қосылған «Қараөзек» компрессорлық станциясы арқылы жүзеге асырылмақ.     

Мұқатай Шаңбатыров, «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының бірінші орынбасары:

- Газ құбырының ұзындығы 1080 км. Ол Қараөзектен 40 км кейін басталады. 2019 жылдың желтоқсанында ол іске қосылуы керек. Бірінші кезеңде магистральдық газ құбыры салынады. Сарыарқа, Астана қаласында екі АГРС салынады.

Үкімет басшысы барған тағы бір нысан – «Арал балық өңдеу» зауыты. Облыста балық өңдейтін  осындай 8 кәсіпорын саналады. Жылына 11 мың тонна өнім өндіріледі. «Еврокод» белгісі бар 4 зауыт өнімді 9 елге экспорттады.   

Марал Бейсенәлиева, жұмысшы:

- САРАТС-1 іске қосылғаннан кейін теңізіміз қайта оралып, кәсібімізді қайтадан бастадық. Арал теңізінің көлемі ұлғайып, әлде де мол жұмыс жасап, қаншама еңбек адамдары осыдан нан тауып, кәсібін жалғастырып жатыр. Шүкір, бұйырған несібемізді жеп жатырмыз.

Аралдағы тағы бір іргелі кәсіпорын - «Аралтұз» зауыты. Мұнда бүгін жаңа цех іске қосылды.  Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс орны бір ауылдың тұрғындарын түгелдей жұмыспен қамтып отыр. Зауыт жұмысымен танысқан соң Премьер-Министр Арал халқымен кездесіп,САРАТС жобасының елге берер игілігі мен Елбасының бес бастамасын ортаға салды.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу