Қостанай облысында дизель отыны мен автогаз тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында дизель отыны мен автогаз тапшы

29.09.2021

Қостанай облысында автогаздың әрі кетсе үш күнге ғана жететін қоры қалды. Бағасы да қымбаттаған. Дизель отыны да кез-келген бекеттен табылмайды. Ал, Маңғыстауда дизельдің құны тіптен аспандап кетті. Өңірдегі ахуалды Дәуренбек Әбдібек тарқатады.
Дәуренбек Әбдібек, тілші: 
Осыдан бір жыл бұрын автогаз бағасы 65 теңге болса қазіргі құны литріне 97 теңгеден асып кетті. Кешелі бері көлік иелері соның өзіне зар болып қалды. Себебі автогаз жанармай құю бекеттерінде тек талонмен сатылып жатыр.
Шәміл Ахметов,  жүргізуші: 
Күн сайын қымбаттап жатыр. Неге екені түсініксіз. Ол аздай тапшылық жиі туындайды. Міне, қазір талоны жоқтар мүлде оны осы қымбат бағасына да сатып ала алмай жүр.
Арзанға берілетін әлеуметтік газдың үлесі 30 пайызға дейін азайып кеткен соң баға қымбаттап шыға келді. Ал тапшылық сұйық газ әр өңірге бұрынғыдай қажеттілігіне қарай емес, электронды сауда биржасы арқылы берілуінен туындап отыр. Яғни компьютер түймесін бірінші басқандар тауардың басым бөлігін иеленеді. Кейінгілер қалғанын қанағат қылады.
Махаббат Жұтаев, газ желісі ұйымының өкілі:
Соңғы саудада нарық тұрақталды. Қазан айында мұндай тапшылық болмайды деп ойлаймын. Бірақ бағасы қымбаттай береді. Ал осы салаға жауапты министрлік экспортқа шектеу қойып, бағаны реттеуді қолға ала ма жоқ па оны әрине, мен айта алмаймын.
Жергілікті сала мамандары сұйық газды әр облысқа бұрынғыдай сұранысқа сай бөлу туралы Энергетика министрлігіне ұсыныс хат жолдағандарын айтады. Сонда бағаны тұрақтандырып, қажетті қорды да реттеуге мүмкіндік туады деп есептейді. Ал жанармай құю бекеттерінің дені қаңсып тұрса да шенділер дизель қоры жеткілікті деп отыр.

Отынның бұл түрі Ақтауда да тапшы. Тек талонмен сатылады. Ал қолма қол ақшаға литрі 300 теңгеден қала бойынша бір бекетте ғана беріліп жатыр.

Маңғыстауға дизель Атырау, Павлодар және Шымкенттен тасымалданады. Энергетика басқармасының мәліметі бойынша, өңірге бір айға 10 мың тонна дизель қажет. Соның 3 мың тоннасы жеткізілген, қазір одан қалғаны 600 тонна көлемінде. Бұл шамамен төрт күнге ғана жетеді.

Дәуренбек Әбдібек
Аягөз Оралбайқызы 

Хабарламаларға жазылу