Норвегияда тұрғындарға мәдени-спорттық шараларға еркін қатысуға рұқсат етілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Норвегияда тұрғындарға мәдени-спорттық шараларға еркін қатысуға рұқсат етілді

29.09.2021

Норвегияда көпшілік баратын орындар ашылып, тұрғындарға мәдени-спорттық шараларға еркін қатысуға рұқсат етілді. 18 жастан асқан ересектердің 90 пайызы екпе алған соң, ел үкіметі осындай шешім қабылдаған. Еуропаның өзге елдерінде екпені мәжбүрлеу шарасы күшейтіліп жатыр. Ал Италияда жұмыс істейтін барлық азаматтар үшін қазан айынан бастап ковид төлқұжаты міндеттелмек.

Италиядағы жеке және мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін 23 млн қызметкер 15-қазанға дейін ковид сертификатын алуға міндетті. Жасыл төлқұжат індеттен жақында жазылғандарға, екпе салдыртқандар мен 72 сағатқа жарайтын ПТР тест тапсырғандарға беріледі. Санитарлық құжаты жоқтар жалақыдан қағылады, 1500 еуроға дейін айыппұл төлейді. Осыны естіген жұрт вакцина орталықтарына ағылуда.

Педро Джентиле, құрылысшы: 
 Үш күн сайын тест тапсыру қымбат болған соң, екпе салдыртуға келдім. Ковид сертификатсыз ақша төленбейді, жұмыстан шығам қалам ба деп қорқам.

Қазан айынан бастап Бельгия астанасы Брюссельдегі қоғамдық орындарға кіру үшін де міндетті санитарлық құжат қажет болуы мүмкін. Халықты ынталандырып, екпе науқанын күшейту үшін қала басшылығы жақында вакцина орталығын «Пойыздар» мұражайынан ашты.

Фатима Буджауи, Ковид-19 туралы ақпараттандыру орталығының баспасөз хатшысы: 
Брюссельдегі екпе салу науқаны елдің өзге аймақтарынан артта. Шаһарда тұрғындардың тек 51 пайызы ғана толықтай вакцина алған. Жастар әлі асығар емес. Індеттің 4-ші толқыны күшейетін болса, екпе алмағандардың жағдайы қиындайды. Сол үшін бәріміз екпе алуға асығуымыз керек.

Германияда екпенің екі дозасын халықтың 63 пайызы ғана алған. 80 пайыздық межеге жеткізу үшін үкімет осы уақытқа дейін тұрғындарға тегін болған ПТР тестті енді ақылы қылмақ. Және 1-қарашадан бастап екпе алмаған қызметкерлерге ковидпен ауырып, карантинде болғаны үшін өтемақы төленбейді. Биліктегілер осындай мәжбүрлеу шаралары арқылы ұжымдық иммунитет қалыптастырудан үмітті.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу