Павлодар облысында биылғы орақтың астығы шіріп кетуі мүмкін. Себебі, соңғы апталарда егін жинауға жаңбыр бөгет болып тұр. Оның үстіне қырманға дымқыл күйінде түскен бидайды кептіретін қондырғыларға газ жоқ. Проблема бұл ғана емес, аймақта дизельдік отын да тапшы. Соның салдарынан бүгін Павлодардан Екібастұзға қатынайтын автобустар тоқтады. Болат Аманбаев рет - ретімен баяндасын.
Бұл Павлодар облысындағы астық өсіретін ең ірі шаруашылық «Абай» серіктестігінің комбайндары. Егіннің түсімі жақсы. Бірақ қарт диханшы Николай Миллер жиналған бидайды шірітіп аламын ба?-деп алаңдаулы.
Николай Миллер, шаруа қожалығының директоры:Газ жоқ. Бидайды кептіре алмай отырмыз. Қазір ылғалдылығы 22 пайызға дейін жетеді.Қамбаға салуға болмайды. Осы қырманда 5 мың тонна астық жатыр. Бір аптаға жетпей қызып, шіріп кетуі мүмкін. Онда нансыз қаламыз. Мен көмек сұраймын.
Жауапты мекемелердің мәліметіне қарағанда Энергетика министрлігі осы айда аймаққа көгілдір отынды жоспарланған көлемде берген. Бірақ ауыл шаруашылығы саласындағы науқандық жұмыстардың көбейуіне байланысты жетпей қалған көрінеді.
Марсель Ұзақов, Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:Сұйытылған газ тапшылығы бар. Оны біліп отырмыз. Қазір облыс әкімшілігі Энергетика министрлігімен келіссөз жүргізіп жатыр. Осы аптада немесе келесі аптаның басында қосымша газ бөлінеді. Өңірде акредиттелген үш компания бар. Солар шаруаларға жеткізіп береді.
Аймақта дизель отынының да тапшылығы сезіле бастады. Кейбір май құю стансалары литрін 250 теңгеге дейін көтеріп жіберген. Соның салдарынан қалааралық жолаушы тасымалдаушы кәсіпорындар автобустар санын қысқартып жатыр.
Балтабай Қаппасов, тасымалдаушы кәсіпорын директоры:Павлодар-Екібастұз 80 пайызын тоқтаттық. Ақсуда сол, бүгін 500 литр бізде бар. Соны береміз, болды. Ертең мұнай болмаса шықпаймыз уже жұмысқа. Қалай біз істейміз?
Дизель отыны қазір жанар майбекеттерінде шектеумен берілуде. Тек 60 литрден ғана. Ал, жергілікті билік өңірде сұйық отынның проблемасы жоқ деуден танбай отыр.
Болат Аманбаев