Қостанайда 10 «жасыл» технология жүзеге асады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда 10 «жасыл» технология жүзеге асады

24.10.2017

«ЭКСПО» көрмесінен ел экономикасына енгізу үшін 105 жоба таңдап алынғаны белгілі. Оларды өндіріс пен тұрмысқа енгізу үшін арнайы жол картасы қабылданды. Мысалы, Қостанай облысы «жасыл» технология қатысты 10 жобаны іріктеп алған.

Он жобаның ішінде ауданы 7 мың гектар, көлемі 50 млн. текше метр болатын ағынды су қоймасын салу және «Сарыарқа» автопром кәсіпорынында электромобиль өндірісінің инфроқұрылымын жасау секілді ірі жобалар бар. Бұлар әзірге жоспарда. Алайда, өңірде энергия үнемдеу мен энергия тиімділікті арттыруға қатысты нақты шешімдер бар. Мысалы, Лисоковск қаласында көшені жарықтандыру үшін Күн панелдерін пайдалана бастаса, кейбір мемлекеттік нысандардың жарықтандыру жүйесі энергия үнемдегіш лампаларға көше бастаған.

Балға Дәулетбаев, Қостанай мемлекеттік педагогикалық  институтының шаруашылық жетекшісі:

- 9 айдың ішінде 407 мыңдай қаражат төлейміз. Ал, мына LED лампалардың аз санын қолданып, 119 мың 890 теңге ғана төлейміз.

Жоспардағы жобалардың ішінде Жітіқарадағы қазандықтарға бу турбинасын орнату, жергілікті жылу энергия компаниясына Күн батареяларын қондыру, одан алынған энергияны сату секілді бастамалар да бар. Ал, бұл жобаларды жүзеге асыру үшін маман даярлау маңызды.

Еркін Әбіл, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры:

- Астанада мамандандырылған көрме өтеді деген сәттен бастап жоғары оқу орындарында осы тақырыптағы зерттеулер саны өсті. Мысалы, біздің педагогикалық институтта 2012 жылдан бастап, 150-ден астам стартаптар жасалды. Яғни, жастардың «жасыл» технологияға қызығушылығы жоғары.

Қазір Қостанайда «Жасыл тәжірибелер алқасы» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Бұл жерде студенттер зерттеулер жүргізіп, жаңалықтарын тәжірибеде сынап көре алады.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу