«Қазақстанда 7,5 млн-дай адамның вакцина алуы-ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесі». Бүгін Astana Media Week - 2021 алаңында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осылай деді. Коронавирустық дағдарыстан шығу жолындағы БАҚ-тың рөлі әлі де еселене түспек. Азаматтар әсіресе, фейк пен шынайы ақпараттың аражігін ажырата алмай жатады. Сол себепті, елдің дәстүрлі ақпарат құралдарына жүгінуі маңызды. Ковид білім саласын да айналып өтпеді. Былтыр бір мезетте оқушылар мен студенттердің қашықтан оқуға көшкені белгілі. Жаңа жүйені ата-аналарға жеткізуде БАҚ-тың рөлі ерекше болды. Қазір дүниежүзі бойынша 5,5 млрд доза вакцина өндірілген. Оның 73 пайызы 10 мемлекет арасында бөліске түскен. Әділетсіздікті болдырмау үшін БҰҰ қосымша 2,2 млрд доза вакцина өндіруді тапсырды. Айта кетейік, Африка елдерінде қазір тұрғындардың 3 пайыздайы ғана иммундалды.
Микаела Фриберг-Стори, БҰҰ -ның Қазақстан Республикасындағы тұрақты үйлестірушісі:Вакцинация бұл өте маңызды. Тұрғындарға дұрыс түсіндіру маңызды рөл атқарады. Вакцинация осы пандемияны жеңудің негізгі жолы. Қазақстандықтар маңызды дүниені түсініп, қалыпты өмірдің оралуына өз үлесін қосуда.
Болат Кальянбеков, «Nur media» холдингінің бас директоры:
Біздің ақпарат құралдары алдымен әлеуметтік желі, мессенджерлермен бәсекелесуде. Бұл бәсекеде көрерменге не қызықты, не қажет деген сауалға дұрыс жауап табу маңызды. Енді, онлайннан оффлайнға көшу қажет. Алдағы уақытта мемлекеттік орган қызметкерлерін дәстүрлі көзбе-көз сұхбат беру тәртібіне көшіру мәселесін бүгін министр орынды көтерді.
Ғабит Бөкенбай