Түркияда дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайы өтті

27.09.2021

Түркияның Ыстамбұл қаласында Дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайы өтті. Пандемия кесірінен екі жылдан бері тоқтап қалған шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қайта жанданды. Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мұрындық болған шарада арнайы үндеу қабылданды.

Биылғы құрылтайда талқыға түскен тақырыптар да ауқымды. Жаһандану тұсында шетелдегі, оның ішінде Түркиядағы қазақтардың ахуалы сондай-ақ шетте жүрген қазақ жастарының болашағы сияқты өзекті мәселелер ортаға салынды.

Зауытбек Тұрысбеков, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары:

Ең негізгі қазақ қайда жүрсе де тілін білсе, дәстүрін білсе, әдет-ғұрпын білсе соның төңірігенде бәріміз жұмылып жұмыс істесек деген ұсыныстар болды. Оның бәрін қорытындылап елге барған соң бірігіп жұмыс істейміз. Бізге көп көмек берген осы Стамбул қаласындағы консулдыққа алғысымызды айтамыз.

Құрылтайда қызу талқыланған мәселенің бірі қазақ жастарының Қазақстанда білім алуы. Осыған байланысты отандық жоғары оқу орындары арнайы көрме өткізді.

Мағауия Сарбасов, «Отандастар» қорының вице-президенті:

Қазақ жастарына арналған білім көрмесі өтіп жатыр. Ондағы басты мақсат елімізге қазақ жастарын тарту. Оларға арналған 4 пайыздық квотаны ұсыну. Қазіргі таңда шетелде тұрып жатқан жастармен жұмыс істеу Отандастар қорының үлкен бағыттарының бірі.

Жиынға тек Түркия емес, Еуропада тұратын қандастарымыз да арнайы келді. Олар құрылтай өткізу әлемнің әр түкіпіріндегі қазақтардың артында қалың елі тұрғанын айшықтайды деген пікірде.

Өмірхан Алтын, «Еуропадағы қазақ форумы» қоғамының төрағасы:

Бұл біздің арқа сүйер тәуелсіз отанымыз бар деп басқаларға мақтану үшін бір жағынан артта келер ұрпаққа біздің де тәуелсіздігіне 30 жыл болған ата бабамыз аңсаған атамекеніміз Қазақстан бар деп айту үшін. Мен ойлаймын енді мына келіп жүрген жас балалар әрі қарай жалғастырады. Қазақстандағы жаңа буын шетелдердегі қазақтің жаңа буыны қазақтың береке бірлігі үшін болашағы үшін ынтымақтасып, осы дәстүрді жалғастыруы үлкен көрсеткіш.

Құрылтай гала концертпен аяқталды. Атамекенін аңсап жүрген алыстағы қандастарымыз қазақ өнерпаздарының шеберлігіне тамсанды.

Алыс жақын ағайынның басын қосып әлемнің әр түкпірінде тұрып жатқан қазақтардың жай күйі, тұрмыс тіршілігімен қатар дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайында көптеген сүбелі мәселелер талқыға түсті. Әсіресе шетелдегі қазақ жастарының тілі мен тарихын ұмытпауы үшін нақты қадамдар жасау қажеттігі айтылды. Бұдан да бөлек түйткілдер келер жылы Нұр Сұлтан қаласында өтетін үлкен құрылтайда шешімін таппақ.

Айдос Әшімұлы 

Хабарламаларға жазылу