Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Ақтоғай ауданына қарасты Қаратал ауылында Алашорда төрағасы Әлихан Бөкейханға арналған ескерткіш бюсті ашылды. Биыл ұлт қайраткерінің туғанына -155 жыл. Ескерткіш ауылдағы мәдениет үйінің алдына орнатылды. Тұғыр тасы граниттен, мүсіні қоладан. Авторы Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Бейбіт Мұстафин. Рухани тағылымды іске ауыл азаматтары демеушілік көрсеткен. Салтанатты ашылу рәсімінен кейін, «Әлихан Бөкейхан және қазіргі Қазақстан» тақырыбында ғылыми танымдық конференция өтті. Әлихан Бөкейхан 1866 жылы 5 наурызда Ақтоғай ауданы Шабанбай би ауылының маңында дүниеге келген.
Тұрсын Жұртбай, Филология ғылымдарының докторы, алаштанушы:
Әлихан Бөкейханов қазақ ұлтының бүкіл мың жыл бұрыңғы, кейінгі күрес күндеріндегі өткен-кеткен тарихын талдап, тұжырымдап, біртұтас Алаш идеясын кіріктіріп берген тұлға. Өзінің туған жерінде тұғырға көтерілген ескерткіш сол ұрпақтардың Әлекеңді түсіне бастағанының, рухының сіңе бастағанының кепілі.