Бөкей ордасы ауданында қасқыр көбейіп, шаруалардан маза қашты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бөкей ордасы ауданында қасқыр көбейіп, шаруалардан маза қашты

24.09.2021

Батыс Қазақстанның Бөкей ордасы ауданында қасқыр көбейіп, жұрттан маза кетті. Шаруалар малдан жарытып төл ала алмай отыр. Құмнан 100 бастан жеп кетіп, шығынға батып жатқандары бар. «Ит-құсты» атуға берілетін лимит та тым аз, дейді олар. Торыққандар жәйін Ардақ Мұратқызы тыңдап қайтты.

Саралжын ауылында түз тағысы малға тыным бермей жатыр. Шаруалар қып-қызыл шығынға батқан.

Ерғазы Хамитов,  шаруа қожалығының басшысы:
 «Көк күшік» мәселесі қиын. Қасқыр ғой, «көк күшік» деп тұрғаным. Ауылдан 100 шақырым жерде полигонда отырған точкаларымыз бар. Сонда мал ұстатпай тұр. Биыл енді көп болғасын, малымызды қырлыққа айдап жатырмыз. Биылдыққа бұзаудың өзінен 50 бас бұзау бердім. Ірі қараның өзінен 20-ның үстінде алды. Жылқыдан да алып жатыр 5-6 бас.

Ал Бөрлі ауылында бір шаруа «ит-құс» аулау үшін параплан сатып алған. Құны - 8 млн теңге. Өйткені, құмда техника жүре алмайды. Қазір қасқырды әуеден атып алып жүр.

Исатай Сисенғалиев,  шаруа қожалығының басшысы:
Құмда көп қасқыр. Жолдас жігіт Мамаев Тілекжан деген содан 100-дің үстінде бұзау жеді биылға тек қана. Өзімнен деген осы ангустердің ішінен қырлықтан 3 бас жеді, құмнан 6 бас, барлығы 9 бастай ғой. Тек қана біздің Орда ауданына 9 қасқырға рұқсат берген атуға. Ол не болады енді ал?

Шаруалардың кейбірінде аңшылық жасауға рұқсаты бар. Бірақ аудан бойынша 9 қасқырдан артық атуға болмайды.

Біржан Меңешев,  Бөкей ордасы әкімінің орынбасары:
Шаруалар бізге, жергілікті атқарушы органдарға наразылық, шағымдарымен келді. Біз облыстық аумақтық инспекцияға және ауыл шаруашылығы басқармасына хат жолдадық. Лимит санын көбейтуге, оталықтандырылған аң аулауды ұйымдастыруға ұсыныс бердік.

 Үш жыл бұрын өңірде қасқыр саны күрт азайып, тіпті облыс бойынша оны аулауға тыйым салынды. Ал былтырғы санақ бойынша өңірде 640 түз тағысы бар деседі. Соның 10 пайызын аулауға рұқсат.

Арман Ізімғалиев,  облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясының бас маманы:
Биологиялық негіздеме қорытындысына сәйкес, облыс бойынша 65 бас лимиті берілді қасқырды аулауға. Соның ішінде Бөкей ордасы ауданы аумағында қасқырды аулауға 35 бас лимиті берілді, 28 аңшыға.

Ал шаруалар 600 емес, құмда үш мыңдай ит-құс бар дейді. Алда қыс. Тап бүгін 100-ші бұзауын бөріге берген шаруа қол жинап, құзырлы органдарға хат жазғалы отыр.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу