Ақтасты елді мекенінің тұрғындары жол азабын тартып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтасты елді мекенінің тұрғындары жол азабын тартып отыр

24.09.2021

Ақтөбе қаласының іргесіндегі Ақтасты елді мекенінің тұрғындары жол азабын тартып отыр. Жол болмағандықтан мұнда қоғамдық көлік те келмейді. Салдарынан оқушылардың қыс мезгілінде айлап сабақтан қалатын кездері болған. Ал, облыс орталығына қатынайтын такси бағасы шарықтап кеткен. Амалы таусылған тұрғындар әкімдіктен көмек күтіпотыр.

Бұл ауыл жыл санап үлкейіп келеді. Қазірдің өзінде100-ден аса түтін бар. Алайда, тұрғындардың көбі үй салып қойғанымен, көшіп келуге асығар емес. Өйткені, елдімекенге автобус қатынамайды, жаңбырлы күндері тіпті жүк көліктерінің өзі жүре алмайды.

Қылышбай Жұмабайұлы, ауыл тұрғыны: 
Жұмысқа баратындар жұмыстан кешігеді, сабаққа баратындар екібастан бармай қалады. Немерем айлап сабаққа барған жоқ, шыны керек. Жол дұрысталса, автобус та осы ауылдың үстімен өтер еді. Екі жарым шақырым жаяу келу өте қиын ғой.
Жақсыбек Кемал, тілші: 
Тұрғындар «Жергілікті билік біздің бар-жоғымызды ұмытты» деп ашынады. Олар үлкен трассадан ауылға кіре беріс мына жолды өз күштерімен ақша жинап салған. Оның өзі көктем мен күзде жүруге жарамсыз болып қалады екен.

Тұрғындар бұған дейін әкімдікке бірнеше мәрте арызданған.Бірақ, шағымдарына құлақ асар ешкім болмай тұр. Олар 20 шақырым жердегі қалаға барып келу үшін таксиге 3-3 жарым мың теңге төлеуге мәжбүр. Бірақ оның өзінде көлік ауылға кірмейді.

Бұл мәселеге әкімдік өкілдерінің жаттанды жауабы дайын. Айтуларынша, қоғамдық көлік қатынауы үшін алдымен жол салынуы тиіс. Ол үшін қомақты қаржы керек.

Руслан Есмұханов, қалалық автомобиль жолдары бөлімінің маманы:
Ол қаржы көзінің бөлінуіне қарай. Смета дайындалатын болады. Қала аумағының үлкеюіне байланысты 1-2 жылда бәрін салу мүмкін емес.

Әкімдік өкілдері жолдың нақты қашан салынатынын білмейді. Яғни, Ақтасты мекенінің тұрғындарына күтуден басқа амал жоқ. Бұғандейін қатынастан қиналған бірнеше тұрғын үйлерін жауып, қалаға көшіп кеткен. 

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу