Ыстамбұл қаласында ұлтымыздың біртуар ұлы, қазақ таеквондо мектебінің негізін қалаған спортшы Мұстафа Өзтүрік атындағы саябақ ашылды. Түркиядағы Қазақстан елшілігінің мұрындық болуымен өткен шара, Дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайына орайластырылды. Елі үшін қызмет еткен арда азаматты ардақтаған басқосуға алыс-жақын шетелдегі қазақтар да жиналды.
Айдос Әшімұлы, тілші:Небары 40 жылдық өмірінде артына өшпес із қалдырған қазақтың марқасқа ұлы Мұстафа Өзтүріктің есімін есте қалдыру үшін тағы бір ерекше шара өтті. Ыстамбұлдағы Бағжылар ауданында белгілі спортшының атындағы саябақ пен ескерткіш белгі ашылды. Мұстафа Өзтүріктің туған қаласындағы бұл ескерткіш батырды жас ұрпаққа таныстырудың тағы бір жолы.
Шараның басында қазақы дәстүр бойынша шашу шашылып, спортшының қасқайып тұрған бейнесі бедерленген ескерткіш тақта ашылды. Көптен жоспарда жүрген игі іс тәуелсіздіктің 30 жылдығында жүзеге асты.
Әлім Байел, Қазақстанның Ыстамбұлдағы бас консулы:Ол кісі Қазақстан азаттық алғанда елге оралған еді. Елге жұртқа қызмет ету үшін. Оны мына сөзінінен-ақ байқауға болады. Мен әлемді көрдім сосын елімді көрдім несін айтайын айырмашылық үлкен. Сондықтан елге жұртқа қызмет ету үшін Қазақстанда қалдым деген сөзінен-ақ оның ұлтқа деген үлкен махаббатын байқауға болады. Баршамызға құтты болсын.
Осы шараға Германиядан арнайы келген спортшының қызы Несілхан әкесінің атын саябақтың маңдайшасынан көргенде көз жасына ие бола алмағанын айтады.
Несілхан Өзтүрік, Мұстафа Өзтүріктің қызы:Мен әкемнің аты саябаққа беріледі дегенді естігенде қатты қуандым. Себебі әкем балаларды өте жақсы көруші еді. Енді оның атындағы саябақта балалар асыр салып ойнайтын болды деп қуандым. Арада қанша жыл өтсе де өзіміз туып өскен ауданда әкемнің құрметіне осындай үлкен шара ұйымдастырылғанына алғысым шексіз.
Бұл саябақтың Ыстамбұлдың Бағжылар ауданында ашылуы кездейсоқ емес. Себебі Мұстафа Өзтүрік осы ауданда дүниеге келіп, осы жерде ойын қуып өскен. Жастайынан ұлтжанды азамат еді дейді танитындар.
Әбдіуақап Қара, профессор:Бір адам еліне, халқына қызмет істесе, ол қандай кәсіпте болса да оны халқы сыйлады. Міне оның жарқын үлгісін бүгін көріп отрымыз. Өйткені Мұстафа Өзтүрік Түркия тумасы болғанымен өзі қазақ. Сондықтан да Қазақстан тәуелсіздік ала сала ол кісі бұл жақтағы беделіне, жағдайына қарамастан ат басын Қазақстанға, атамекенге бұрды. Ондағы мақсаты не? Еліме қызмет істеймін. Өнерімді қызметімді елімдегі жастарға арнаймын деп елі үшін барған азамат. Ол жаққа ақша табам немесе басқа бір мақсат деп барған емес. Елі үшін барды сол үшін бүгін ел оны сыйлап отыр.
Қысқа ғұмырында Мұстафа Өзтүрікті танымал еткен таэквондо ғана емес. Оның еліне, ұлтына, өз ісіне деген сүйіспеншілігі еді. Қазақ батырының өзі өлсе де, аты өлген жоқ. Бүгінде мыңдаған жас өркен Мұстафа ағаларына қарап бой түзеп келеді.
Айдос Әшімұлы