Павлодарда 101 келіге дейінгі кір тастарын көтеретін алып адам тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда 101 келіге дейінгі кір тастарын көтеретін алып адам тұрады

23.09.2021

Павлодарда 101 келіге дейінгі кір тастарын көтеретін алып адам тұрады. Кезінде 16 рет рекорд жаңартқан Нұрлан Көпбергеновтің коллекциясындағы кір тастарының жалпы салмағы 1,5 тонна. Әлемді таңқалдырған құрыш білекті қара күш иесімен өңірдегі тілшіміз Болат Аманбаев кездесті. Әр гантельдің салмағы 5 келі. Демек бұл жаттығуды кәсіби боксшының жалаң жұдырықпен орындай алуы кәдік. 59 жастағы жігіт ағасы күн сайын 2 сағат денесін шынықтырады.

Нұрлан Көпбергенов,   кір тасын көтеруден рекордшы:
Бұл сом темірдің салмағы 150 келі. Осы салмақпен отырып-тұрып, отырып-тұрып 40 рет жасаймын. Ол мына аяқ пен белге күш береді.
Нұрлан Көпбергенов кеден саласының қызметкері. Бойындағы алып күшті көбінесе кір тасын көтеру спорты қатты дамыған Ресей мен Беларуссияда паш етіп жүр. 16 рет рекорд жаңартты. Отандастарымыз батыр деп даңқын аспандатса, көрші елде Иван Поддубныйдың ізбасары деп құрметтеп, ерекше сый тарту еткен.
Нұрлан Көпбергенов,  кір тасын көтеруден рекордшы:
Орыс балуаны Иван Поддубный осындай тростьпен жүрген деп соны сыйлаған маған. Бұның 9 келі салмағы. Енді мен оны 12 келі қылып істеп алдым, әр қолымда 12 келі. Бірақ ол аяғым ауырғаннан емес, жаттығу ретінде сонымен жүремін. Тростьсыз екі қолымды қайда жіберетінімді білмеймін. Ал, тростьпен болғанда маған жүруге жеңіл.
«Қазақ алыбының жетістігін қайталау былай тұрсын, ол көтерген салмақты бағындырамын –деп талпынған адам болған жоқ. Кезінде кір тасын көтеру спорты бойынша Ресей мемлекетінің бас жаттықтырушысы болған Николай Шатов осындай естелік қалдырыпты. Ал, немерелері осы бастан атасынан асқан алып болуға талпынып жүр.
Арлан Көпбергенов, немересі:
Мен атамнан да асқым келеді. Ол 100 келіні бір қолымен көтерсе, мен 100 келілік екі кір тасын бірден көтеруге тырысамын.
Коллекцияда салмағы 8 келіден 101 келіге дейінгі 40 қа тарта кір тасы бар. Кейбірі ақ патша заманында жасалған.
Болат Аманбаев, тілші:
Ал, мына кір тасы да сырт көзге қораштау көрінгенімен салмағы ауыр секілді. Көтеріп көрейін. Шамам жетті. Бірақ бұл темірден құйылған емес, емен ағашынан егеліп жасалған екен. 8 келі 200 грамм салмағы бар, демек діні қатты әрі ауыр емен ағашынан шабылғаны көрініп тұр.

Келер жылы алып азамат 60-қа толады. Бірақ жаттығудан жалығар емес. Жанкүйеріме әлі талай жеңіс сыйлаймын - дейді.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу