Еліміздегі егістіктерді суару жүйесі әбден тозған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі егістіктерді суару жүйесі әбден тозған

23.09.2021

Еліміздегі егістіктерді суару жүйесі әбден тозған. Соның кесірінен жыл сайын мыңдаған шаруаның бау-бақшасы қурап, шығынға батады. Тұқымға кеткен ақшасын да ақтай алмай қалған фермерлер аз емес. Қазіргі заманға сай ирригация жүйелері болмағандықтан қолданыстағы суармалы жерлер көлемі, көбейгеннің орнына азайып келеді. Себебі діңкесі құрыған кейбір диқандар жұмыс істеуден бас тартып жатыр. Кез келген аграр біледі, су жоқ жерге ақ мия мен кәрі қыз қаптайды. Сол міне қаптап тұр.
Шығысқазақстандық шаруа Серік Сабиолдиновтың биылғы еңбегі ақталмады. Жаз бойы алқабының аңқасы кеуіп, еккен қарбызы мен қауыны шықпай қалды. Себебі онсыз да тозығы жетіп тұрған бөгет жарылып, каналда су болмай қалған. Күршім ауданының тұрғыны қып-қызыл шығынға батты.
 Серік Сабиолдинов, шаруа қожалығының басшысы: 
Қарбыздың кейпі мынау, қарасаңыздар. Су жоқтықтан қарбыз шықпай қалды. Биыл біз банкротқа ұшырап отырмыз, су болмағандықтан. Су мәселесін шешетін мекемелердің ешқандай қозғалысы жоқ. «Қазсушар» деген, турасын айтқанда.
Ағын су жетпегендіктен осы жазда Түркістан облысындағы 90-тарта шаруа қожалығының да егіні мен бау бақшасы қурап қалды. Себебі, егісттікке су жеткізетін гидранттардың дені ескіріп, істен шыққан. Оның үстіне, су тарататын каналдың бас жағын қалталы кәсіпкер жекешелендіріп алған.
Нұрғали Арзықұлов, Сарыағаш ауданы су шаруашылығы МКК-ның бас инженері: 
Жекеменшік мекеме қалаған кезде жабады, қалаған кезде ашады. Сотқа да бердік. Сотта да ұттық. Бірақ бүгінгі таңда ешқандай нәтиже шығып жатқан жоқ.
Елімізде республикалық меншіктегі 3298 суару желісі бар. Олардың жалпы ұзақтығы 20 мың шақырым болғанымен, жартысынан көбі тозып тұр. Суармалы алқаптар сумен толық қамтамасыз етілмейді. Сондықтан қазіргі заманға сай ирригациялық жүйелер салып, су үнемдеу технологияларын қолдану керек.
Қайнар Абасов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты: 
Су үнемдеу технологияларын сатып алуға және құрылысын жүргізуге берілетін субсидияның көлемін қазіргі 50 проценттен 80 процентке дейін ұлғайту қажет. Су үнемдеу технологиясының қажеттіліктері үшін баламалы энергия көздерін салуды субсидиялау керек. «Қазсушар» мекемесінің жауапкершілігі жеткізілетін су көлемі бойынша емес, сумен қамтамасыз етілген жердің көлемі бойынша болуы тиіс.
Еліміздегі өңтүстік өңірлеріндің табиғи - климаттық жағдайы жылына 2 рет өнім алуға мүмкіндік береді. Бірақ су тапшылығы осылай істеуге көп кедергі болып тұр. Дүкен сөрелерінде импорттық көкөніс пен жеміс-жидектің толып тұрғаны да сондықтан.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу