Банктердің мүмкіндігін шектеу жөнінде ұсыныс жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Банктердің мүмкіндігін шектеу жөнінде ұсыныс жасалды

22.09.2021

Алматыдағы атыстан кейін шұғыл түрде «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасын әзірлеу ұсынылды. Бұл мәселені Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» фракциясының депутаттары көтерді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматыда жер үйдің иесі баспананы босату туралы қаулыны орындауға барғандарға от атып, 5 адам қаза тапқан. Депутат Андрей Линник бұл жағдайды, полициямен қатар, қаржы реттеушілері де мұқият зерттеу керек дейді. Банктер несиесін төлей алмаған мыңдаған азаматтың осылай мүлкін тәркілеп алатынына тоқталды. Сол кезде тәркіленген мүліктің құны тым төмен бағалануы да жағдайды ушықтырады. Сол себептен, қаржы нарығын реттеу агенттігіне банктердің мүмкіндігін шектейтін шаралар қабылдауды ұсынды.

Андрей Линник, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты: 
Қарыз алушылардың заңды құқықтарына қысым жасауына жол бермей, банктердің мүлікті бағалауын төмендету мәселелерін шұғыл түрде қарау керек. Сонымен қатар, кепілге салынған мүлікті өткізу кезінде банктегі лауазымды адамдар мен сот орындаушыларының алдын ала сөз байласуға жол беретін кез келген мүмкіндікті жою қажет.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу