Қызылордалық ғалымдар альцгеймер және паркинсон ауруын емдейтін дәрі дайындап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордалық ғалымдар альцгеймер және паркинсон ауруын емдейтін дәрі дайындап жатыр

21.09.2021

Қызылордада Қорқыт ата университетінің ғалымдары альцгеймер және паркинсон ауруын емдейтін жаңа дәрі әзірлеп жатыр. Олар бұл жобаны шетелдік ғалымдармен бірлесіп жүзеге асырмақ. Ал ғылыми зерттеулер Еропалық Одақтың гранты есебінен жүргізіледі. Оқу орнындағы айтулы жаңалықты өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы да біліп қайтты.

Әділбек Серікұлы, тілші:
Түйе жантақ Сыр өңірінде көп тараған өсімдіктің бірі. Оны іздеп жер шарлаудың қажеті жоқ. Міне, қаланың қақ ортасында өсіп тұрған тікенек тәріздес шөптің жанға дауа болар жаңа қасиетін жергілікті ғалымдар ашып отыр. Яғни, бұл өсімдік альцгеймер және паркинсон ауруларына бірден-бір ем дейді олар.

Жантақтан жаңалық ашқан ғалым Нұрбол Аппазов. Оның ғылыми ізденісіне түрткі болған - паркинсон ауруы. Аты жаман дерт осыдан үш жыл бұрын Нұрболды әкеден айырды. Содан бері, университет ғалымы осы бір ауруға шипа болар дәрілік препарат ойлап табуды мақсат еткен. Еңбек еш кетпеді.

Нұрбол Аппазов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің зерттеуші-профессоры:
Осы алып жатқан препаратымыз осы ауруды тежеп әрі қарай дамуын тоқтатын болса, денсаулық сақтау саласына үлкен бір қосқан үлесіміз болар еді деп есептеймін. Өйткені, мен әкемнің осы аурудан қатты қиналғанын көрдім.

Бүгінде бұл бағыттағы алғашқы зерттеулер оң нәтижесін берді. Оның жобасына Португалия, Нидерланды, Дания, Ресей секілді алпауыт елдердің ғалымдары да қызығушылық танытып отыр. Қазір дәрілік препаратты әзірлеуде халықаралық деңгейде ғылыми топ құрылып, жан-жақты зерделенуде.

Нұрбол Аппазов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің зерттеуші-профессоры:
Біздің міндетіміз жанағы дәрілік өсімдіктерден флавонойттарды бөліп алып, суда еритін жаңа наноматериалдар негізінде биологиялық белсенді қосылыстар алу. Әрі қарайғы биологиялық зерттеулердің барлығы еуропалық әріптестерде жүргізілетін болады.

Медицина әлеміне тың жаңалық әкелетін ғылыми жоба 4 жылға дейін зерттеліп, түрлі тәжірибеден өтеді. Дегенмен, ғылыми топ мұнан да аз уақытта жетістікке жетсе, альцгеймер және паркинсон ауруларын емдейтін жаңа дәрінің өндіріске енетін күні алыс емес.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу