Алматыдағы атыс туралы жаңа деректер шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы атыс туралы жаңа деректер шықты

21.09.2021

Алматыда кеше болған қанды оқиғаға қатысты жаңа мәліметтер жарияланды. Қарулы қақтығыстан қаза тапқандардың бірі сол үйдің жаңа иесі екендігі анықталды. Қазір осы іске қатысты тергеу жалғасуда. Оқиға орнында не істеліп жатыр? Дау дамай неден туындаған? Тақырыпты тілші Нұрхан Нұрланұлы тарқатсын.

Бес адамға оқ атқан тұрғын, яғни мүліктің бұрынғы иесі бірнеше жыл бұрын үйін банкке кепілге қойып, несие алған. Алайда, қарызын төлей алмағандықтан, мүлік қаржы ұйымының меншігіне өтіп, өзге адамға сатылған. Осылайша, мамандар үйді босату туралы қаулыны үйдің бұрынғы иесіне таныстырғаннан кейін, ол бірден үйіне жүгіріп кіріп, мылтығын алып шыққан. Артынша бірнеше рет оқ жаудырған. Дегенмен, полицейлер оған қарсы қару қолданбаған.

Рустам Әбдірахманов, қалалық ІІД басшысының орынбасары:
Біз оқ атқан адамға қарсы қару қолданған жоқпыз. Себебі, сол сәтте үй ішінде әйел адам мен кәмелет жасқа толмаған балалар болды. Дегенмен, күдікті кейін өз еркімен берілді. Ал оны ұстау операциясына арнайы жасақ өкілдері жұмылдырылды.

Куәгерлер қанды оқиға бір ақ минуттың ішінде болғанын айтты. Шамамен 7-8 рет оқ атылған. Артынша, қатты дауыстар мен күдіктінің қаулыны орындаушыларға бұл жерден кетіңдер деп айхайлаған дауысы естілген.

Рухметулла Аймұратов, жергілікті тұрғын:
Бұл жерге 17:30-дар шамасында келдім. Немерелерім осындай жағдай болғанын айтты. Бірақ, мен жетем дегенше полицейлер аумақты түгел қоршау алған. Олар күдіктінің әлі үйдің ішінде екендігін айтып, ешкімді өткізбеді.

Атыстан ажал құшқан бес адамның бірі сол үйдің жаңа иесі екен. Одан бөлек, 1982 және 1988 жылы туған екі полиция инспекторы мен сот орындаушының қаза тапқаны белгілі. Ал бесінші азамат үйдің жаңа иесінің танысы болуы мүмкін. Бірақ кеше полиция департаменті оның куәгер немесе өндірушінің өкілі екендігін хабарлаған.

Айта кетейік, ақпарат беттерінде арнайы жасақтың күдіктіні ұстап алып бара жатқан видеосы жарияланды. Оны маңайдағы тұрғындар телефон камерасына түсіріп алған. Бұдан бөлек, үйдің фотолары да тарап жатыр. Ал қазір оқиға болған аумақ әлі де қоршауда. Оның периметрі ұлғайған. Бірнеше полицей кешеден бері кезекшілікте тұр. Қазір осы жантүршігерлік оқиғаға қатысты тергеу жалғасуда. Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі бойынша іс қозғалған. Күдікті 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Нұрхан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу