Вакциналау жұмыстары нәтиже бере бастады. Мәселен, Маңғыстау өңірінде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны едәуір азайған. Ал, Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының тұрғындары 100 пайыз вакцина алып үлгерді. Аймақтардағы ахуалды Жақсыбек Кемал баяндайды.
Түркістан облысында жаңа оқу жылы басталғалы 31 мұғалім мен 108 оқушы індетке шалдыққан. Науқастармен қарым-қатынаста болған 1777 оқушы мен 71 сынып карантинге жіберілді. Ал, оқу онлайн форматқа көшірілді. Сондай-ақ, облыста 934 білім беру ұйымы түгел «ASHYQ» бағдарламасын енгізген.
Ал Сарыағаш ауданының тұрғындары 100 пайыз екпе алды. Бірнеше айға созылған вакциналау шаралары 14 жерде жүргізілді. Жылжымалы медициналық кешендер де жұмыс істеді. Мамандандырылған инфекциялық стационарда қазір барлығы 80 науқас емделуде. Мұндағы төсек орындардың 70 пайызы босады.
Маңғыстау өңірінде соңғы 2 аптада вирус жұқтырғандар саны 3 есе төмендеді. Қауіпті індет соңғы 1 тәулікте 14 адамнан анықталды. Қазір провизорлық стационардың 25пайызында ғана науқастар ем алып жатыр.
Вирус жұқтырғандар саны Ақтөбе облысында да азайып келеді. Алайда, аурудың салдары ауыр болып тұр. Жыл басынан бері өңірде коронаврусты пневмониядан 26 мен 38 жас аралығындағы 4 жүкті келіншек қайтыс болған. Дәрігерлер оның үшеуінің баласын аман-есен босандырып алған.
Жақсыбек Кемал