Маңғыстау облысындағы аудан тұрғындары радиациялық қалдықтардың зардабын тартып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысындағы аудан тұрғындары радиациялық қалдықтардың зардабын тартып отыр

19.09.2021

Маңғыстау облысындағы «Қошқар ата» улы қалдықтар қоймасын залалсыздандыру жұмыстарының тоқтап қалғанына 3 ай. Құны 15 жарым млрд теңге жоба 3 жылда жүзеге асуы тиіс еді. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат қорғау басқармасындағылар «радиациялық көлді қосымша зерттеу керек, сол үшін қаржы бөлу тоқтатылды» деп отыр. Кеңес өкіметі кезінде уран өндірісінің қалдығын табиғи ойпатқа жинаған. Соның салдарынан 77 шаршы шақырым аумақта 105 млн тонна радиоактивті қалдықтар жатыр. Улы көлді 2 бөліп қарастыруға болады. Орта тұсы ылғалды. Себебі радиациялық қалдықтарды кептірмеу үшін, қаладан шыққан канализация суы сүзіліп құйылып жатыр. Ал, шет жақтары, шамамен 50 шаршы шақырымдай жер құрғап кеткен. Ондағы ауыр металдар мен радионуклидтердің радиациялық зардабын облыс тұрғындарының 55 пайызы дәлірек айтсақ, Ақтау қаласы және Мұнайлы мен Түпқараған аудандарының 400 мыңдай халқы тартып отыр.

Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаевтың айтуынша, тұрғындардың арасында онкологиялық және тағы да басқа аурулардың көрсеткіші өте жоғары. Ол рекультивацияның тоқтап қалуы Маңғыстау тұрғындарының үлкен наразылығын туғызып отырғанына тоқталды.

Бізге де хабарласып жүрген азаматтар бар. Рас, Маңғыстау жұрты қатты наразы. Неге тағы зерттеп жатыр, нені анықтағылары келеді, ол жерден кен таппаса, зерттелмеген не қалды? Аягөз Оралбайқызы материал дайындады.



Хабарламаларға жазылу