Елордада жалған вакцина паспортын жасағандар 4 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада жалған вакцина паспортын жасағандар 4 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

19.09.2021

Covid-19 коронавирусы мен коронавирустық пневмония бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің бүгінгі ақпарына келсек, тестпен расталғандардың саны 2991, 61 адам қайтыс болған, 1041 адамның жағдайы ауыр, 264 адамның жағдайы өте ауыр. 169 адам өкпені желдететін аппаратқа қосылған. Вакциналауға келсек, екпенің екі дозасын да 6 143 661 адам салдырған.

Бұл жерде қанша жалған вакцина құжаты сатылғаны, тиісінше, екпені қанша адамның шын мәнінде алмағаны есепке кірмегенін ескеру керек. Иә, вакцина паспортын сату кәдімгі бизнеске айналған. Осы аптада ғана «Жалған құжат дайындады» деген күдікке нұр-сұлтандық екі медицина қызметкері және олардың бірінің күйеуі ілінді. Медицина қызметкерлері соңғы үш ай бойы ақшаға жалған құжат сатқан. «Медицина қызметкерлерінің бірінің күйеуі клиенттерді тауып, олармен сөйлесіп, ақысын алдын ала алып отырған. Медициналық мекемеге келген кезде адамдар жалған анықтама алу үшін құпия сөзді айтқан», - деді полициядағылар. Медицина қызметкерлерінің өздері қылмыс жасағанын мойындаған. Ұсталғандарға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Олар төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Полицейлер бұл дәрігерлерден кімнің және қанша адамның жалған вакцина паспортын сатып алғанын анықтап жатқанын да айтты.

Хабарламаларға жазылу