Алматы облысында 2025 жылға дейін қант қызылшасының алқаптары 3 есеге ұлғаяды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында 2025 жылға дейін қант қызылшасының алқаптары 3 есеге ұлғаяды

17.09.2021

Алматы облысында 2025 жылға дейін қант қызылшасының алқаптары 3 есеге ұлғаяды. Бұл туралы Премьер-министр Асқар Маминнің аймаққа жұмыс сапары кезінде айтылды. Үкімет басшысы өңірдің экономикалық дамуын бағамдап, жаңа жобалардың ашылу салтанатына қатысты.

Жетісу өңірі ауыл шаруашылығы бойынша еліміздегі көшбасшы аймақтың бірі. Облыста жеміс-жидек өсіріп әрі сақтайтын тағы бір мега жобаның іргетасы қаланды. Жұмыстың бірінші кезеңінде 34 млрд теңге инвестиция құйылып, 500 адамға тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Бұл өндіріс орны толық қуатына көшкенде ел нарығын толықтай жидекпен қамтуға қауқары жетеді.

Айман Тұрсынхан,  кәсіпорын директоры: 
Өнімді өндіру және қайта өңдеу Еуропа одағы және АҚШ елдерінің инновациялық технологиялары бойынша жүзеге асады. 500 тұрақты және 7 500 маусымдық жұмыс орны ашылады. Ішкі нарыққа жеткізумен қатар, өнімді шетелге, оның ішінде Еуропалық Одақ елдеріне экспорттауды жоспарлап отырмыз.

Алматы облысында Қазвак вакцинасы шығарылмақ. Ол үшін Қарасай ауданында талапқа сай кәсіпорын бой көтерді. Мұнда айына 1 млн екпе құйылады.

Үкімет басшысы аймаққа сапары барысында сондай ақ Алматы шахарының 4 серіктес қаласы – Гейт ситидің жобасымен танысты. Алғашқы кезеңде мұнда 60 мың адамға шақталған елді-мекен бой көтермек. Бұдан бөлек премьер-министр көлік-логистика, туризм және басқа да салалардың даму қарқынымен танысты.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу