Еуропа елдерінде екпені мәжбүрлеу шаралары күшейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропа елдерінде екпені мәжбүрлеу шаралары күшейді

17.09.2021

Еуропа елдерінде екпені мәжбүрлеу шаралары күшейді. Себебі, ковидпен ауруханада жатқандардың 90 пайызы вакцина алмағандар-дейді дәрігерлер. Соңғы бір аптада індеттен көз жұмғандардың саны күрт көбейген. Осыған алаңдаған Одақ елдерінің басшылары екпе науқанын күшейту үшін түрлі тәсіл қолдануда. Вакцина алмағандар ешқайда кіргізілмейді, тіпті жұмыстан шығарылады. Толығырақ тілшіміз Нұрсұлу Қасым тарқатады.

Францияда бүгін екінші күн екпе алмаған медицина қызметкерлері жұмыстан шығарылып жатыр. Шілдеде Президент Макрон саланың 2 млн 700 мың қызметкеріне қыркүйектің 15-не дейін вакцина салдыртуға уақыт берген. Ережеге дәрігерлер мен медбикелер ғана емес, емдеу мекемелерінде хатшы, әкімші боп істейтіндер, өрт сөндірушілер мен медициналық такси жүргізушілері де бағынуға міндетті. Ковидтен жақында жазылғандар мен денсаулығына байланысты вакцина алуға болмайтынын дәлелдегендерге ғана жеңілдік бар.

Элен Курдье, логопед:
Екпе алмағаным үшін бүгіннен бастап жұмысты тоқтат-деді. Бұл-еркіндік пе сонда? Қабылдауыма бірнеше науқас жазылып еді. Енді оларды кім емдейді, түсінбедім.

Болгария мен Литвада барлық қоғамдық орындар тек екпе төлқұжаты барларға ғана ашық. Нидерландта да 13 жастан асқан азаматтар 25-қыркүйектен бастап мейрамхана, театр, ойын-сауық орындарына ковид сертификатсыз кіргізілмейді.

Хувель Ван Дейк, Нидерланд азаматы:
Ковид сертификаттың енгізілгені дұрыс. Өйткені, қоғамдық орынға барғанда вирус жоқ екенін біліп, өзіңді қауіпсіз сезінесің. Эгоизмге жол бермей, бәріміз екпе алуымыз керек.
 Нұрсұлу Қасым, тілші:
Грекияда вакцина салдыртпаған қызметкерлер жұмыста апта сайын өз ақшасына, яғни 50 еуроға ПТР тест тапсыруға міндетті. Киноға, театрға, мұражайға ковид сертификаты жоқтар кіре алмайды. Ереже біз сияқты шетелдіктерге, туристерге де ортақ. Бағынбағандар 10 мың еуроға дейін айыппұл төлейді.

Аустрияда екпе алмағандар жұмыста, көшеде, барлық жерде қорғанышы жоғары FFP2 маскасын киюге міндетті. Ереженің орындалуын полиция қызметкерлері қадағалайды. Қарт құрлық елдері қазір тәуекел тобындағыларға вакцинаның үшінші дозасын егіп жатыр. Венгрия оркестрінің дирижеры үшінші дозаны сахнада салдыртты. 70 жастағы Иван Фишер осы әрекеті арқылы көпшілікті тезірек екпе алып,еркін өмірге оралуға шақырды.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу