Патогенді биологиялық нысандар ескертусіз тексерілуі мүмкін. Бүгін осындай нормасы бар заң жобасы мәжілісте таныстырылды. Денсаулық сақтау вице министрінің мәліметі бойынша кей зертханалар рұқсаты болмаса да аса қауіпті патогендермен жұмыс істей береді. Олар тексерістің келе жатқанын алдын ала білгендіктен, заңда тыйым салынған заттарды жойып үлгереді. Сондай-ақ, ведомство өкілі биологиялық қатері бар заттармен жұмыс істейтін мекемелердің жауапкершілігін арттыру бойынша нормалар дайындалғанын еске салды. Заң жобасын енді жұмыс тобы зерттейді.
Ерлан Қиясов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
Биологиялық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі. Соңғы 10 жылдың өзінде түрлі инфекциялық аурулардың таралуы көбейіп кетті. Індеттің жаңа түрлері де шығып жатыр. Онымен күресуге кадр тапшы болып жатқанына куә болып отырмыз. Заңның талаптары да осал болып тұр. Сондықтан заңға өзгеріс енгізуге мәжбүрміз. Бұл заң барлық қауіптің алдын алуға сеп болады деп сенеміз.
Бұдан бөлек Мәжілісте бәсекелестікті қолдау туралы заң жобасы да таныстырылды. Енді бәсекелестікті дамыту заңмен реттеледі. Құжаттағы басты басымдық экономикаға мемлекеттің қатысуын барынша қысқартуға бағытталған. Мемлекеттік сатып алулар, қызмет көсретуші операторлардың, кәсіпкерлердің жұмысы реттеліп, бәсекелестіктің болуына кедергі келтіретін себептерді жоюға бағытталған.
Оңғар Алпысбайұлы