Қазақстанда жарты жыл ішінде кәмілетке толмаған 105 бала суицид жасаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда жарты жыл ішінде кәмілетке толмаған 105 бала суицид жасаған

15.09.2021

Қазақстанда жарты жыл ішінде кәмілетке толмаған 105 бала суицид жасаған. 193 өз-өзіне қол жұмсау әрекеті тіркелген. Бұл балалар құқығының тиісті деңгейде қорғалмауы мен кибербуллингтің әсері дейді мамандар. Мәжіліс бүгін балалар құқығы жөнінде заң жобасын қарады. НЕ өзгереді? Қандай нормалар енгізілмек? Әріптесім Оңғар Алпысбайұлы эфирге қосылып айтсын. 

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленді. Құжатта балалардың білім, медициналық көмек алуы, психологиялық, эмоционалды қысым көрмеуіне қатысты нормалар бар. Сондай-ақ, балалардың отбасылық жағдайда мүдделерін қорғауға, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу мәселелері қарастырылған. Ең бастысы құжат талабы бойынша психологиялық қысымға ұшырып, өмірден түңілуге дейін баратын балаларға қолдау күшейеді. Ал кез келген жағдайда күйзеліске ұшыраған баламен білікті маман жұмыс істеуі керек. Ең дұрысы күйзеліске ұшыратуы мүмкін факторлардың алдын алу.
Динара Зәкиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бірқатар өңірде суицид көрсеткішінің өсуі байқалады. Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары. Бұл өте қорқынышты көрсеткіш. Осыған бацйланысты заң жобасында бұл мәселені шешу үшін орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтердің жұмысын үйлестіру тетіктерін реттеу ұсынылады.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Суицидтің үлкен себептерінің бірі буллинг, кибербуллинг. Заман талабы дедік, онлайн оқу дедік балаларымыздың бәріне бір бір ұялы телефон, гаджет ұстатып қойдық. Ал, ол телефонды қалай пайдаланып жатыр, кіммен сөйлесіп жүр, қай әлеуметтік желіден не көріп отырғанын тексеретіндер аз. Мамандардың мәліметінше осы тетікті тексермегендіктен суицид деректері көбейген. Қазір әлеуметтік желілерде балаларға көруге болмайтын ақпараттар өріп жүр. Ал, оларды өшірту біздің құзырлы органдардың қолынан келмейді. Сондықтан мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин екінші оқылымға дейін мәселені шешу жолдарын ұсынуды тапсырды. Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу