Атырау облысында аудан тұрғындары бірнеше айдан бері балдыр сасыған суды тұтынуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында аудан тұрғындары бірнеше айдан бері балдыр сасыған суды тұтынуға мәжбүр

14.09.2021

Атырау облысындағы Құрманғазы ауданының халқы балдыр сасыған суды ішуге мәжбүр. Өзен жағасына қоныстанған қалың ел, екі-үш айдан бері ауыз судан қиындық көріп келеді. Жергілікті билік, бұл жағдайды табиғи процесс, адам өміріне қауіп жоқ деп отыр. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Жандос Темірғали тарқатып айтады

Өзге ауылдастары сияқты зейнеткер Ләззат Борашева да сасық иісі бар суды тұтынып отыр. Байырғы тұрғын мұндай жағдайдың бұрын-соңды болмағанын айтады. Қазір ол суды дүкеннен сатып алып ішуге мәжбүр.

Ләззат Борашева,  Хиуаз ауылының тұрғыны:  
Суға түссең басыңда сасып тұр иіс. Су қайнатсаң бұрқырап иісі шығып тұрады. Оның не екенін қайдан білейін. Біздер дусты дейміз. Ішкенде тамақ қарады. Сондықтан магазиннен сатып алып отырмыз 19 литр.

Халық тұтынып отырған судан дустың иісіне ұқсас қолқаны қабатын қолаңса иіс былтыр да шыққан. Биыл қайталанып отыр.

Гүлшара Мұсағалиева, Құрманғазы ауданының тұрғыны:
Шәйдан да шығады. Көп болды. 2-3 ай болып қалды.

Ауданда Қиғаш және Шора өзендерінен тіршілік нәрін жеткізіп тұрған 23 станса бар. Біреуі орташа есеппен күніне екі рет 200 тоннаға жуық су тазалайды. Бірақ, қанша сүзгіден өткізсе де, жағымсыз иіс пен тамақты қыратын дәм кетер емес.

Абылай Тасимов, су тазалау стансасының операторы:
Мынадан кішкене болса да тазаланады.Тікелей айдағаннан жақсы ғой. Барынша тазалайды. Халыққа солай жіберіледі.Қанша пайызын тазалап тұрғанын айта алмаймыз. Бәрібір лай. 

Бір ай бұрын судан сынама алынды. Зертхана қорытындысы өзенде балдырдың шамадан тыс көбейгенін көрсеткен.

Олжас Тәжібаев, Жаңаталап ауылдық округінің әкімі:
Суды сараптамаға жіберді. Бұл табиғи құбылыс. Судың ерте қайтып кетуіне байланысты, балдырдан осындай дәм, иіс шығуы мүмкін деген қорытынды келді. Адам өміріне, денсаулығына ешқандай зиян жоқ.

Соңғы уақытта ауданды көктей өтетін қос өзеннен шырай кеткен. Су деңгейі азайып, әр жерден үзіліп жатыр. Кей арналар құрғап, бітеліп қалған. Ағыс жоқ. Әкімдік бас-аяғы 24 каналды тереңдету үшін жоба әзірлеп жатқанын алға тартып отыр.

Эдуард Азатов, Құрманғазы аудандық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы: 
Жобалау сметалық құжаттама жасалып жатыр243 км-ге. Екі этапта жүреді. Бірінші этапта жартысы. Содан кейін, қалған жартысы жүреді. Судың ағысы көбейіп, иіс кетеді деген ойдамыз. Сол бойынша жұмыстанып жатырмыз.

Мәселені түбегейлі шешу үшін 15 млрд-тай қаржы керек. Тереңдету жұмысы қашан басталатыны әзірге белгісіз. Бір анығы - өзен суға толмаса, жағымсыз иісі бар суды тұтына беруге тура келеді.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу