Елордада румын ақыны Михай Еминескудің мүсіні ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада румын ақыны Михай Еминескудің мүсіні ашылды

10.09.2021

 Елордада румын ақыны Михай Еминескудің мүсіні ашылды. Былтыр «Жасыл квартал» тұрғын үй кешені алдындағы саябаққа «Бухарест» атауы берілген. Бұл Нұр-Сұлтан мен Бухарест қалалары арасындағы мәдени ынтымақтастық меморандумы аясында жүзеге асқан шара. Салтанатты жиынға министрліктер мен елшілік өкілдері қатысты.

Берік Жакенов, Нұр-Сұлтан қаласы «Есіл» ауданының әкімі: 
Бүгін біз Қазақстан мен Румынияның достық қарым - қатынасының берік жағдайда екенініне куә болып отырмыз. Мемлекет Басшысының қалыптасқан сыртқы саяси бағыты аясында біз алғаш рет Нұр-Сұлтан мен Бухарест арасында аудандық деңгейдегі қарым-қатынасты нығайттық.

Ал Румынияда «Қазақстан» саябағы ашылды. Бұл румын үкіметінің Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тартуы. Қазақстанның осы мемлекеттегі елшілігі ұйымдастырған шараға Румынияның бұрынғы Президенті Эмиль Константинеско, үкімет мүшелері, дипломаттар мен қоғам қайраткерлері қатысты. «Қазақстан» саябағы Бухаресттің ең көрікті жерінде орналасқан. Онда қазір былтыр осы уақытта ашылған Абайдың ескерткіші тұр.

Тудор Рареш Поп, Румыния Парламентінің депутаты, «Қазақстан-Румыния»парламентаралық достық тобының мүшесі: 
Біздің қатынасымыз жылдан-жылда қарқынды дамып келеді. Мүддеміз бір болғандықтан 30 жыл бұрын басталған серіктестік бүгінде достыққа ұласты. Бүгінгі шара сол екіжақты достықтың дәлелі, өзара мәдени алмасудың керемет үлгісі. Себебі, мәдениет халықтарды жақындастырады. Толерантты қоғамы бар, жас әрі бай мемлекет Қазақстанға біз барлық жақсылықты тілейміз.

Ақниет Балтанова

Хабарламаларға жазылу