Қостанайда 40 сынып карантинге жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда 40 сынып карантинге жабылды

10.09.2021

Қостанайда балалар арасында коронавирус өршіп барады. Соның кесірінен мектептерде қырықтан астам сынып карантинге жабылды. Бұрын дертке шалдыққан балалар саны 3-5 процент деңгейінде болған. Қазір бұл көрсеткіш 15 процентке жетіп отыр. Науқас балалардың сыныптастары 14 күнге оқшауланып, сабақтарын онлайн оқиды. Егер үйде ата-анасы ауруға шалдықса, баланы мектепке жібермеуі керек. Бұл туралы бүгін облыстық санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары мәлімдеді. Сонымен қатар облыста осы уақытқа дейін 300 мыңнан астам адам вакцина алғаны да айтылды. Бұдан былай екпе салдырмаған қызметкерлердің кеңсеге кіруіне шектеу қойылады. Басқа жағдайда апта сайын ПТР тесттің нәтижесін көрсетуі тиіс. Бірақ екпе вакцина алмаған қызметкерлерді тексеру шарасы әлі басталған жоқ.

 Юрий Севостьянов, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
Әзірге бұл шараны бекіту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өзгертулер енгізіледі. Бүгінде қызметкерлері вакцина алмаған ұжымдарды мониторингтік топтар тексерген жоқ. Бірақ жақын арада бұл мәселе шешіледі.

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу