Басты Жаңалықтар Павлодар қаласының әкімдігі екі отбасын апатты үйден көшіре алмай әлек

Павлодар қаласының әкімдігі екі отбасын апатты үйден көшіре алмай әлек

Павлодар қаласының әкімдігі айналдырған екі отбасын апатты үйден көшіре аламай әлек. Тіпті, жаңа үй салынып біткенше олардың баспана жалдап тұруларына қаржы да ұсынған. Бірақ бұған да көнбеген пәтер қожайындары құлағалы тұрған үйден шыққысы жоқ. Олар көшпейінше жаңа үйдің құрылысы да басталмайды дейді мамандар.

Павлодар қаласында дәл осылай 10 үй сүріліп 80 отбасыға пәтер жалдауы үшін мемлекет есебінен қаржы берілді. Бірақ, қамыстан тоқылып, саз балшықпен сыланған апатты үйлерден жұрт көшкенімен, екі отбасы қалып қойды. Соның бірі Елена Полторак. Оның қазіргі тұратын пәтері жылу мен су, телефон байланысынан ажыратылған. Көршілері түгел кетті. Ескі үйдің есік, терезелеріне дейін бұзылып, қаңырап тұр. Сонда да көшер емес.
Елена Полторак, қала тұрғыны: 
Бар болғаны 50 мың теңге береді. Оған мен қаладан үй жалдай алмаймын. Ондай баға жоқ. Бұл үйлердің орнына мемлекеттік бағдарлама бойынша үй салады ғой. Оның құрылысы аяқталғанша екі жыл күтесіндер дейді. Демек бізді лайықты баспанамен қамтуға тиіс. Ал, 50 мыңға мен жөні түзу пәтер жалдай алмаймын.
Ескілерін бұзып, орнына кезең-кезеңімен жаңа үй салу қаланың бас жобасына кіргізілген. Мәселен, әбден қаусап, құлай бастаған үйлерінен ертерек көшіп кеткен 108 отбасына биыл жаңа үйден пәтер берілді. Апатты үйден көшуге үзілді-кесілді қарсылық танытқан Вера Белая жуық арада жаңа баспанаға көшетініне сенбейді.
Вера Белая, қала тұрғыны: 
Бұл үйге есірткі шеккен жастар, үй-күйі жоқ қаңғыбастар бәрі келеді. Қорқынышты. Бірақ көшпеймін. Себебі, жаңадан салып, бізге береміз деген үйдің қашан дайын болатынын әкімшілік нақты айтпайды.
Бұл екі отбасы көшпейінше жаңа үйдің құрылысы басталмайды. Әкімдік шарасыз. Біз барлық тұрғынға бірдей жағдай жасаймыз. Бөле-жарып қарау заңда қарастырылмаған- дейді.
Жансерік Қапзолла, қала әкімдігінің баспасөз қызметінің бас маманы: 
Павлодар қаласының ТҮКШ бөлімі риелтор компаниялармен келісім-шарт жасасқан. Сол риелтор компаниялар аталмыш жаңағы 50 мың теңге қаражатқа тұрғындарға тұрғын үй табуға көмектеседі.
Бірер аптадан соң күздің қара суығы келеді. Екі отбасы үшін жылу қайта қосылмайды. Бірақ, ешкімді күштеп көшіре алмаймыз-дейді әкімдік қызметкерлері.

Болат Аманбаев

Бөлісу