Еуропалық Одақ 6 мемлекетке қатысты шектеу енгізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропалық Одақ 6 мемлекетке қатысты шектеу енгізді

09.09.2021

Еуропа елдері қайтадан шектеулерді қатаңдатып жатыр. Себебі, қарт құрлықтың 33 мемлекетінде соңғы екі аптада ковид жұқтыру көрсеткіші 10 пайызға көбейген. Қазан-қарашада коронавирустың төртінші толқыны болады деп дабыл қаққан мамандар екпе науқанын күшейту қажеттігін айтуда. Еуропадағы соңғы ахуалды әріптесім Нұрсұлу Қасымнан білейік. Нұрсұлу, Еуропалық Одақ шетелдіктер үшін қайтадан шекарасын жауып жатыр дейді. Шенген аймағына қай елдің азаматтары кіре алмайды енді?

Нұрсұлу Қасым,тілші:
Одаққа мүше елдердің елшілері 6 мемлекеттің саяхатшыларына қатысты шектеу енгізуді ұсынды. Яғни, Жапония, Сербия, Әзірбайжан, Албания, Армения мен Бруней елдерінің екпе алмаған азаматтары Еуропалық Одаққа кіре алмайды. Мұның алдында дәл осындай шешім АҚШ пен Израиль азаматтарына қатысты қабылданған. Грекия үкіметі де осы аптада шетелдік туристерге талапты күшейтті. Бұдан былай саяхатшылар мұражайға, мейрамханаға, концертке, көрмеге кіру үшін екпе сертификатын көрсетуі тиіс. Ережеге бағынбағандар 300 еуро айыппұл төлейді.
Екпе науқанын күшейту үшін Еуропа елдері түрлі тәсіл қолдануда. Мәселен, Болгария үкіметі барлық қоғамдық орындар енді тек вакцина салдыртқандарға ғана ашық болады- деп жариялады. Вакциналау баяу жүріп жатқан Бельгия астанасы Брюссельде басшылар 1 қазаннан бастап Ковид сертификатын енгізуді көздеп отыр. Мейрамхана, спортзал, түнгі клубтарға сертификаты барлар ғана кіргізілмек. Польшада келесі айдан бастап екпе ақылы болуы мүмкін. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз хатшысы мәлімдеді.
Сондай-ақ, Одақ елдері жасанды екпе сертификатын жасағанғандармен күресті күшейтпек. Осындай алаяқтыққа барған бельгиялық вакцина орталығының қызметкері жұмыстан қуылды. Грекияның 10 екпе орталығында 33 адамға жасанды төлқұжат берген қызметкерлер де қомақты айыппұл төлеп, 1 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

 Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу