Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен мегаполистегі мектептер мен жоғарғы оқу орындарында "Тәуелсіздік жетістіктері" атты тәрбие сағаттары басталды. Аталған дәрістер 30 жылдықтағы елеулі оқиғаларға негізделген. Жоба жастарға азаттықтың бағасын, еліміздің егемендікке жету жолында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегін ұғындырады. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын зерделеуге бағытталған, дейді мамандар.
үгін Мұқағали Мақатаев атындағы №140 гимназияның оқушылары сабақты әдеттегідей емес, азаттық жылдарындағы елеулі оқиғалар тақырыбынан бастады. Білім алушыларға алдымен тұғырлы мемлекет қалыптастыруға үлес қосқан тұлғалардың өмірі, рәміздер тарихы, ел астанасының құрылуы мен ана тіліміздің мәртебесі туралы мәліметтер айтылды.
Айкүміс Бесірова, М.Мақатаев атындағы №140 гимназияның бастауыш сынып мұғалімі:Әрине жетістіктеріміз өте көп. Соның ішінде бүгін балалар сол 30 жылда жеткен 30 жетістігіміз туралы сөз қозғамақ және өз сөздерімен байланыстырып, ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқиды.
Тәрбие сағаттары қаладағы барлық білім ошағында өтіп жатыр. Ал дәрістерді тарих пәнінің мұғалімдері мен сынып жетекшілері жүргізеді. Ұстаздар өзара пікір алмасып, оқушыларға ыңғайлы бағдарлама әзірлеген.
Бақытбек Қалжанов, Бостандық ауданы білім бөлімінің басшысы:Балалар білу керек, 30 жылдықта қандай дәрежеге жеттік, қандай күшпен тәуелсіздік алынған? Ол тарих. Ал тарихты әр оқушы білу керек. Тарихқа сүйеніп біз тәрбиелейміз.
Айта кетейік, мегаполисте оқушылар саны жыл сайын көбейіп, білім ошақтарында орын тапшылығы байқалуда. Сондықтан, шаһар басшысының тапсырмасымен арнайы бағдарлама қолға алынып, мектеп құрылысы қарқын алды. Алдағы уақытта 23 мың оқушыны қамтитын білім беру мекемелері іске қосылады, дейді мамандар.
Нұрхан Нұрланұлы