Тәліптер Панджшерді толық бақылауға алғандарын жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәліптер Панджшерді толық бақылауға алғандарын жариялады

06.09.2021

Ауғанстан тәліптері өздеріне бағынбаған жалғыз провинция – Панджшерді толық бақылауға алғандарын мәлімдеді. «Осы жеңіспен еліміз соғыстан құтылды», - дейді «Талибан» қозғалысының өкілдері. Және де исламшыл ұйымның жасақтары провинция астанасына өздерінің ақ туларын тігіп жатқаны туралы видеоны жариялады.

Естеріңізге сала кетсек, тәліптер елді үш апта бұрын басып алып, тамыздың 15-де Кабулға да еніп, билікке келді. Ал, Батысқа арқа сүйеген бұрынғы президент Ашраф Ғани шетелге қашуға мәжбүр болды.

Содан кейін Ауғанстанның солтүстігіндегі Панджшер жазығында әскери жанжал басталды. Өйткені, осы аймаққа қоныс аударған бұрынғы үкіметтің қауіпсіздік күштері мен жергілікті қарулы содырлар «Талибанға» бағынғысы келмеді.

Забихулла Муджахид, «Талибан» қозғалысының баспасөз хатшысы:
Тәртіпсіздікке, қауіпке, соғысқа жол ашу істерімен айналысатындардың үкімет пен халыққа қарсы әрекеттеріне Ауғанстан Ислам Әмірлігі жол бермейді. Шетел әскерлерінің шығарылуы -баршаның мақтанышы. Ауғанстан мүлде қауіпсіз, тұрақты және гүлденген ел болғанын қалаймыз, осы ниетпен Кабулға келдік. Кімде -кім қару алып, қарсыласса, онда ол бүкіл халықтың жауы, өйткені еліміз соғысты қаламайды.

Алайда, тәліптермен соғысқан «Ұлттық қарсылық майданының» лидерлері Ахмад Масуд аудиоүндеу жасап, бүкіл халықты тәліптерге қарсы көтеріліске шақырды. Оның және өзін Ауғанстан президенті деп жариялаған Амрулла Салехтың қайда кеткені белгісіз. Кейбір мәліметтерге қарағанда, Салех Тәжікстанға қашқан.

Олардың жақтастары болса, Панджшер үшін шайқасты жалғастырып жатқанын хабарлады.

 Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу