Байзақтағы қайғылы оқиғадан 15 адам қаза тауып, жүзге жуығы жараланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Байзақтағы қайғылы оқиғадан 15 адам қаза тауып, жүзге жуығы жараланды

05.09.2021

Жамбылдағы жарылыс кезінде сол жерге өрт сөндіруге барған Бауыржан Дәуітбаев әлі табылмады. Құтқарушылар өрт сөндірушіні әлі іздестіріп жатыр. Ол контузия алып, есін жоғалтуы мүмкін деген де болжам бар. Себебі жақын маңдағы қой бағып жүрген шопан құлағын жауып тауға қарай кетіп бара жатқан әскери формадағы адамды көргенін айтқан...

Жалпы Байзақтағы қайғылы оқиғадан 15 адам қаза тауып, жүзге жуығы жараланды. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетерден бір күн бұрын «Министр кінәлі деп айту – надандық» дегені есімізде. Министр жауапкершілікті басқаша түсіне ме, әлде шынында жарылысты болдырмауға құзыры жетпеді ме? Десе де Ермекбаев бұл сөзді еріккеннен айтпаған сияқты, себебі айта алмайтын жайттар бар тәрізді... Мемлекет басшысы Нұрлан Ермекбаевтың қызметтен босату туралы өтінішін 31 тамызда мақұлдап, министр отставкаға кетті. Арыстағы жарылыстан кейін «бұл табиғи апат, кешірім сұрауға себеп көріп тұрған жоқпын» деген Ермекбаев бұл жолы кешірім сұрады. Президент пен марқұмдардың туыстарынан ғана. Бір пункт қалып қойған сияқты. Бүкіл ел.

Жаңа Қорғаныс министінің аты-жөні Мұрат Бектанов. Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары болған. Оған берілуі тиіс тапсырманың барлығы берілді. Жамбылдағы жарылысты терең зерттеуді бүкіл қоғам талап етеді. Оқиғаға қатысты жұмбақ деректер көп. 2019 жылғы Арыстағы жарылыстан кейін мемлекет басшысы әскери қоймаларды қауіпсіз жерге көшіру туралы тапсырма берген. Соңғы оқиға тапсырманың орындалмағанын көрсетіп отыр. Сонымен бірге құтқарушылардың қоймада жарылғыш зат болғанын білмегендерін айтқан бейнежазбаларды көрдік...

Хабарламаларға жазылу