Кәсіпкерлерге қолдау артады

02.09.2021

Мемлекет басшысының жолдауындағы міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыру үшін жалпыұлттық жоспар құрылатын болды. Бұл туралы Үкімет басшысы Асқар Мамин айтты. Жалпы, Жолдауда негізгі 5 бастама жарияланған. Құжаттағы басымдықтар азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар халықтың нақты табысын арттыруға және де қаражат жинақтауға ынталандыруды көздейтін іс-шаралар қаралған.

Жолдаудағы негізгі басымдық азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Әр сала бойынша межелі тапсырма беріліп қана қоймай оны орындаудың жолдары да көрсетілген. Салаларға ғана емес өңірлерге де ерекше мән беріліп отыр. Аймақтардың табиғи, экономикалық ерекшеліктері ескеріле отырып, инфроқұрылымдық даму бағдарламасы әзірленеді. Шағын және орта кәсіпкерлердің де шаруасын ширату үшін мемлекеттік бағдарламаның мерзімі ұзартылып отыр.
Әсет Ерғалиев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Шағын және орта кәсіпкерлікті тиімді дамыту мақсатында қарапайым заттар экономикасы және бизнестің жол картасы бағдарламаларын іске асыру 2022 жылдың соңына дейін жалғасатын болады. Жалпы алғанда қаржыландыру көлемі кемінде 1 трлн теңгені құрайды.
Шағын шаруашылықтар мемлекеттік қолдауды бұрынғыдан да жеңіл алатын болды. Ол ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы жүзеге асырылмақ. Қазір сала министрлігі жеке қосалқы шаруашылықтар туралы заң жобасын әзірлеуге кірісіп кеткен. Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау тиімділігі де артады. Ал, экономикамыздың күші жетпеген мәселелерге қаржы ұлттық қордан бұрынғыдай есепсіз бөлінбейтін болды. Енді трансферттердің шекті мөлшері бекітіледі. Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында инфляцияның ырық бермей кеткенін айтып, ұлттық банкті сынға алды. Бүгінгі үкімет отырысында Бас банкир жағдайды реттейміз, жуық арада тізгінді қайта қолға аламыз деп сендірді.
 Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
Инфляцияны 2022 жылы нысаналы дәлізге қайтару бойынша Жолдауда қойылған міндеттерді тиімді түрде шешу үшін 2021-2023 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету шараларының кешені әзірленіп, келісудің соңғы сатысында тұр.
Тұрғын үй бағдарламаларын да үлген өзгеріс күтіп тұр. Алғашқысы зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегінен асатын бөлігін үй сатып алу үшін «Отбасы банкінің» депозиттік шотына аударуға мүмкіндік беріледі. Ал мемлекеттік ипотекалық бағдарламалардың талаптары жеңілдетілмек.
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфроқұрылымдық даму министрі:
Үй кезегінде тұрған азаматтарға «Отбасы» банкінің ипотекалық бағдарламалары бойынша бастапқы жарна көлемі баспана құнының 10 пайызына дейін төмендетіледі. Отбасы табысына байланысты жеңілдікті несиелендіру бойынша мөлшерлеме жылдық 2 пайыз және 5 пайыз болады.
Сондай-ақ, медицина, білім, цифрландыру және өзге да салалар бойынша Жолдауда жүктелген тапсырмаларды жүзеге асыру басталып кеткен. Барлық органның болашақ жұмысы жалпыұлттық жоспарға біріктірілмек.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің әлеуметтік экономикалық негізгі басымдықтарын белгілеп берді. Президенттің алға қойған міндеттері мен бастамалары қоғамның сұранысы мен заманауи сын-тегеуріндерге негізделген. Олардың іске асырылуы экономиканың орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттырудың, халықтың әл-ауқатының артуы мен тұрмыс сапасының жақсаруының факторларына айналмақ.
Үкімет басшысы барлық министрлерге Жалпыұлттық жоспарға ұсыныстарын ертеңге дейін ұлттық экономика министрлігіне, 4 қыркүйекке дейін үкімет кеңесесіне енгізуді тапсырды. Құжат келесі отырыста қаралып, мемлекет басшысының бекітуіне әзірленетін болды.

Оңғар Алпысбайұлы 

Хабарламаларға жазылу