ОҚО-дан 21 отбасы солтүстікке қоныс аударды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-дан 21 отбасы солтүстікке қоныс аударды

09.10.2017

Қазағы қалың, халқы көп Оңтүстік өңірінен еліміздің Солтүстігіне бет алған көш әлі де жалғасып жатыр. Бұл жолы Сарыағаш ауданынан 21 отбасы теріскейге қоныс аударды. Олардың дені сол өңірде сұранысқа ие мамандық иелері.

Көшке ілескен 21 отбасы Дербісек ауылының тұрғындары. Бәрі бір-бірімен ағайын-туыс. Шаруаның жайын білетін 4-5 азамат бұған дейін Солтүстіктің Тимирязев, Мағжан Жұмабаев және Шал ақын аудандарына барып, жер жағдайын көріп қайтқан болатын. Сол сапарда біржола егін салатын жерін белгілеп, істейтін кәсібін де нақтылап келді. Енді бәрі жабылып, дербес кооператив құрғалы отыр. Сол үшін оларға 22 мың гектар егістік жер бөлініп берілді.  

Орал Досымов, Дербісек ауылының тұрғыны:

- Кооперативті басқаратын Мәскеудің Тимирязев институтын бітірген білімді 4 жігіт бар жанымда. Алматының зооветін бітірген тағы үшеуі бар. 20 білімді жігіт бара жатыр менімен бірге. Солардың барлығы жанына 5-10 отбасыны қоса алған.

- Бұл азаматтардың тәуекелге баруына мемлекеттің қолдауы түрткі болды. Оның үстіне биыл көктемде солтүстіктегі бірнеше облыстың өкілдері осында еңбек жәрмеңкесін өткізді. 636  кәсіпорын түстік өңірдің азаматтарына 1 мың 785 бос жұмыс орнын ұсынды. Арнайы сапар ұйымдастырып, еңбек нарығындағы жағдайымен танысып келуіне жағдай жасады.

Мұхит Отаршиев, Облыстық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту үйлестіру басқармасының басшысы:

- Басқарма тарапынан аудан, қалаларды аралап, жұмыспен қамту орталықтары, бөлімдерде жиналыстар жүргізілді. Насихаттау жұмыстарының арқасында қазір 200-300-ге жақын отбасы көшуге қызығушылық білдіріп отыр.

- Бүгінге дейін еліміздің теріскейіне Оңтүстіктен 113 отбасы қоныс аударды. Бұл азаматтар қазір өңірдегі құрылыс, білім беру, ауыл шаруашылығы мен медицина саласында еңбек етіп жатыр. Тағы біразы жеке кәсіп ашып, тірлігін түзеді. Енді олардың қатары сарыағаштық ағайынмен толықпақ.   

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу