Ақтөбе облысында оқушы саны артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында оқушы саны артқан

01.09.2021

Ақтөбе облысында өткен оқу жылымен салыстырғанда оқушылар саны 8 пайызға артқан. Өңірдегі 400ден астам білім ордасы биыл 167 мың оқушыны қабылдады. Жаңа оқу жылының дәстүрлі түрде басталуы әсіресе, мектеп табалдырығын енді ғана аттаған балалар мен жоғарғы сынып оқушыларына үлкен қуаныш сыйлап отыр. Ауыл мектебіндегі алғашқы қоңырауды Жақсыбек Кемал көріп келді.

Бұл - Қызылжар ауылындағы орта білім ордасы. Салтанатты жиынға бірінші және он бірінші сынып оқушылары ғана келген. 75 бала тұңғыш рет мектеп табалдырығын аттады. Оларға «Әліппе» оқулығы салтанатты түрде табыс етілді. Одан кейін оқушылар ішке кіріп, алғашқы ұстаздарымен танысты.

Нұрасыл Серікұлы, оқушы:
Үйде оқыған жаман. Үйде ұнамайды, балалар шулайды. Мектепке келіп ем, күшті болды. Қуана-қуана келдім мектепке.

Оқу жылының дәстүрлі форматта басталуы тек оқушылар мен мұғалімдерге ғана емес,ата-аналарға да ерекше қуаныш сыйлап отыр.

Алтынай Бекжанова, Қызылжар ауылының тұрғыны:
Егіз немерем былтыр оқып онлайнмен әріптердің бәрін бітіріп, енді мектепкекеліп жатқанына қуанып жатырмыз. Себебі, мектебіміз жылда дәстүрлі түрдеөткенін сағынып қалыппыз. Осындайқуанышқа келіп мәз боп жатырмыз. Осы ұзағынан болсын!

Биыл облыста оқушылар саны ғана емес ұстаздар қатары да толықты. Жаңадан 762 маман жұмысқа кірісті. Мұғалімдер саладағы соңғы өзгерістердің сапалы білімге бастайтынына сенімді.

Алтынбике Ернияшева, Бастауыш сынып мұғалімі:
Биылғы 1-сынып үшін жаңалық – «Әліппеміз» өз атауымен қайтып келіп жатыр.Сондай-ақ, цифрлық сауаттылық деген пән енгізіліп отыр. Осындай жаңалықтар бар.Оқушылар да, мұғалімдер де, ата-аналар да өте қуанышта болып жатырмыз.

Бүгін өңірдегі 418 білім ордасының 412-де салтанатты жиын өтті. 18 784 бала алғаш рет бірінші сыныпқа барды. Олардың 82 пайызы қазақ тілінде білім алады.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу