Білім күнінде 1-сынып оқушыларына «Әліппе» табысталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Білім күнінде 1-сынып оқушыларына «Әліппе» табысталды

01.09.2021

Елордадағы білім ұяларында да бүгін алғашқы қоңырау соғылды. 1-сыныпқа қадам басқан бүлдіршіндерге әліппе табысталды. Сақтық шараларына сәйкес, мектептерде өткен арнайы жиынға 1-сынып оқушылары мен ата-аналар ғана қатысты. Өзге сыныптар кабинеттерде тәрбие сағатын өткізді.

Бас қаладағы №88 мектеп-лицейге биылғы оқу жылында мыңнан аса жаңа оқушы қабылданған. Оның 250-і 1-сыныптың балалары. Әліппе оқулығын табыстау үшін арнайы лицейге бірқатар қонақтар келді.

Әлихан Казкенов, №88 мектеп-лицейінің 1-сынып оқушысы:
Мен мектепке келгеніме өте қуаныштымын. Әліппені берген кезде өте қатты қуандым. Енді сабақты жақсы оқимын.

Гүлбарам Тынышбаева, ата-ана:
Бүгін екінші немеремді бірінші сыныпқа әкеліп отырмын. Пандемия кезінде өздеріңіз білесіздер, балалар мектепті сондай сағынып қалды. Сондай қуаныштымын. Өзімнің немереме де, басқа балаларға да тілерім аттаған қадамдары құтты болсын!

Мектеп басшылығының мәліметінше, лицейде сақтық шаралары қатаң сақталған. Күзет қызметі жаңартылып, арнайы мамандар тартылған. Ғимаратқа кіру ашық қосымшасы арқылы жүргізіледі. Балалардың денсаулық көрсеткіштері күн сайын тексеріледі.

Ақниет Балтанова

Хабарламаларға жазылу