Кабул әуежайында екі жарылыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кабул әуежайында екі жарылыс болды

29.08.2021

Бейсенбіде Кабул әуежайында болған екі жарылыстан бір ақпарат көздері 100 -ден астам десе, бірінде 170-тен аса адам мерт болды деп хабарлайды. Радикалды «Ислам мемлекеті» ұйымы мойнына алды.

Пентагон АҚШ-ң 13 сарбазы опат болғанын айтты,15 әскери қызметкер жараланған. Мерт болғандардың көпшілігі эвакуациялық рейстермен Ауғанстаннан кету үшін әуежайға барған Ауғанстан азаматтары. Д. Байден АҚШ теракт жасағандарды тауып, жазаға тартады деп мәлімдеді, артынша әуеден соққы жасап, Пентагон «Ислам мемлекеті - Хорасан» ұйымының екі жетекшісінің көзін жойдық деп хабарлады.

Иә, осы айда «Талибан» қозғалысы Ауғанстанға толық дерлік бақылау орнатты. Елді хаос жайлады. АҚШ пен одақтастарының эвакуациялау көшіне ілінгісі келетін Ауғанстан азаматтары көп. Өте көп. Сол жерде түсірілген адамның жүрегін ауыртатын көріністер бейнеленген видео мен фотокадрлар 20 жылдың ішінде АҚШ бөлген қаржыны жеп, әскер де құра алмаған Ауғанстан билігінің сықпытын, Ауғанстан халқының трагедиясын сипаттайды.

Нақты мысал келтірсек: 2002 жылдан АҚШ Ауғанстанды қалпына келтіруге 143,27 миллиард доллар, оның 88 миллиардтан астамын ауған армиясы мен полициясына бөлген. 36 миллиард долларды басқару мен дамуға аударған.

Ал Кабулдағы жарылыс билікті тәліптер алғасын «Ислам мемлекеті» сияқты радикалдар қозғала бастайды деген болжамды растады. Онсыз да «Талибанның» «Өзгереміз» дегендеріне ешкім сеніп отырған жоқ. Аймақтағы ахуал өте күрделі. Енді оған «үңгірдегі» басқа да экстремистік ұйымдар қосылса...

Осы ретте Ауғанстандағы қазақтарды алып келу туралы әңгіме айтыла бастады. Президент Сыртқы істер министрлігіне тапсырма берді. Министрлік Ауғанстанда 200-дей ғана қазақ барын мәлімдеді. Ал ол елде тұратын қазақтар одан да көп екендерін қазақстандық журналистерге хабарлаған. Желіде тараған бір видеода егде жастағы әйел қазақ тілінде еркін сөйлеп, тәліптер келгелі базарға барып, нан сатып ала алмай отырғанын, аш қалғанын мәлімдейді.

СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров жаңа айтқандай, Ауғанстанда бар-жоғы 15 қазақ отбасы тұрады деді. Сонымен бірге «Қалғаны қазақ тілін, руын білмейді, ата-бабасының ауған жеріне қалай келгенін айтып бере алмайды»,- деген. Айбек Смадияров көшуге өтініш берген адамның қазақ екенін елшілік ішінде құрылған комиссия анықтайтынын да айтты.


Хабарламаларға жазылу